Пәкістанда лаңкестік әрекеттің салдарынан 17 адам опат болды, 40 адам жараланды
16:20, 06 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 6-сы. ҚазАқпарат - Бүгін Пәкістанның солтүстік-батысындағы елді мекендердің бірінде полиция учаскесіне жасалған лаңкестік шабуылдың салдарынан, нақтыланған мәліметтер бойынша 17 адам қаза болып, 40-тан астам адам жараланған, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Жергілікті полицияның ақпараты бойынша, жанкешті Макки-Маруат қаласындағы полиция учаскесінің қақпасына барып соғылған. Қаза тапқандардың көбісі - полиция қызметкерлері, бірақ та құрбандардың арасында азаматтық тұлғалар, тіпті балалар да бар.
Бұл Пәкістанда соңғы аптада жасалып отырған үшінші ірі лаңкестік әрекеті. Өткен аптада Лахор және Кветта қалаларында орын алған лаңкестік шабуылдардың салдарынан 100-ге жуық адам опат болған еді.