Палестина БҰҰ Бас Ассамблеясының «екі мемлекет» шешімін құптады

Фото: Анадолу

АСТАНА. KAZINFORM — Палестина БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк декларациясын қабылдағанын және палестиналық мәселені бейбіт жолмен реттеу мен «екі мемлекет» принципін жүзеге асыруға қолдау білдіргенін құптады. Бұл туралы Палестина вице-президенті Хусейн аш-Шейх әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu.

«Бұл шешім халқымыздың құқықтарына халықаралық қолдауды білдіреді және 1967 жылғы шекаралар аясында астанасы Шығыс Иерусалим болатын тәуелсіз мемлекет құруға және оккупацияны тоқтатуға маңызды қадам болып табылады», — деді ол.

Аш-Шейхтің айтуынша, Палестина мемлекетінің халықаралық деңгейде кеңінен мойындалуы палестиналық халықтың өзін-өзі билеу құқығын нығайтудың, «екі мемлекет» шешімін сақтаудың, сондай-ақ өңірлік және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі алғышарты болып отыр.

Палестина Сыртқы істер министрлігі де бұл құжатты қолдап, оны Бас Ассамблеяның 80-сессиясында қабылданған алғашқы шешім деп атады. Ведомство қарар жобасын енгізген, қолдап, дауыс берген барлық мемлекеттердің рөлін жоғары бағалап, Нью-Йорк декларациясының БҰҰ-ның ресми құжатына айналғанын атап өтті.

Сонымен бірге палестиналық тарап халықаралық қауымдастықты Израильге қысым көрсетуге шақырды. Министрлік Израильді шабуылдарды тоқтатуға, атысты доғаруға, Газада аштықты қару ретінде пайдаланудан бас тартуға, мәжбүрлі қоныс аударуларды доғаруға және барлық тұтқындар мен ұсталғандарды босатуға міндеттеуді талап етті.

Еске салсақ, бұған дейін Бас Ассамблея көпшілік дауыспен — 142 ел «қолдап», 10 ел (оның ішінде АҚШ пен Израиль) «қарсы» болып, 12 ел қалыс қалып, Франция мен Сауд Арабиясы ұсынған қарарды қабылдаған еді. Құжатта ХАМАС қозғалысының қатысуынсыз Палестина мемлекетін мойындау және Израиль-Палестина қақтығысын бейбіт жолмен реттеу көзделген.

Айта кетейік, Бельгия БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны ресми түрде мойындайды