Парламент Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджет туралы есебін бекітті
«2022 жылғы республикалық бюджет туралы Үкімет есебі Мәжіліс пен Сенатта жете талқыланып, қарастырылды. Былтыр пандемиядан кейін экономиканың жандануы байқалды. Жалпы Ішкі Өнім 3,3% өсті. Көптеген негізгі салаларда оң нәтижеге қол жеткізілді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі 3,4%, құрылыс саласы 9,4%, көлік 3,9%, ауыл шаруашылық 9,1%, сауда 5% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9% ұлғайды. Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 102,1% атқарылып, 16,1 трлн теңге болды. Шығыстар 98,6% игерілді және 18,5 трлн. теңгені құрады», - деді Е. Жамаубаев.
Оның айтуынша, бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 2,3% құрады.
«Жалпы алғанда, мемлекет өзінің әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін толық көлемде орындады», - деді министр.
Сонымен қатар министр Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасатынын айтты.
«Сондай-ақ, Ұлттық банкпен бірлесіп, қордың инвестициялық кірістерін арттыруға қатысты шара қабылданып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», - деді Е. Жамаубаев.
Бұдан бөлек, Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарына сәйкес, бюджеттің атқарылу мониторингі дұрысталады және нәтижелерге қол жеткізу, әсіресе инвестициялық жобалар бойынша бақылау күшейтіледі.
Мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайыздан төмен деңгейде.
Өз кезегінде Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова мемлекеттік органдарға сырттан тиімсіз қарыз тартқаны үшін салынатын айыппұл мөлшерін арттыруды ұсынды.
«2021 жылғы республикалық бюджетті орындау туралы есептің қорытындысы бойынша 33 ұсыным берілді. Үкімет бюджет тәуекелдерін айқындап, 2050 жылға дейінгі мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығына талдау жасады. Қарыз саясатында біртіндеп тәртіп пайда болып келе жатыр. Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғалардың дербес әкімшілік жауапкершілігі енгізілді. Мұндағы 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұл сомасын көбейту керек деп санаймыз», - деді Наталья Годунова.