Павлодар облысы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовты сапармен күтуде
Үкімет басшысы жұмыс сапарының барысында Ақсу ферроқорытпа зауытының жаңа нысаны - агломериялық фабрикаға ат басын тірейді. Бұл жерде жоғары көміртекті феррохром шлактарын қайта өңдеу жөніндегі кешеннің құрылысы жалғасуда. К.Мәсімов Ақсуда сондай-ақ, экология және ауыз сумен жабдықтау мәселелері бойынша кеңес өткізеді, жақындағы орман өрттерінен зардап шеккен аумақтарды тікұшақпен аралайды, Лебяжі ауданының Шақа ауылындағы «Көкжал» орман шаруашылығында жедел кеңес өткізеді.
Ал түстен кейін Кәрім Мәсімовты индустриялық-инновациялық жоба - мембраналық технологиялар бойынша хлор-сілті өндірісінің құрылысы жүріп жатқан «Каустик» акционерлік қоғамында күтеді. Сонымен бірге, премьер облыстың шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысын және Кеден одағы мәселелерін талқылайды.
Үкімет басшысы сондай-ақ, Павлодар мұнай-химиялық зауытын, «Нефтехим ЛТД» ЖШС-ін аралайды. №122 балабақшада болады және облыстың құқық қорғау органдары кеңесінің жұмысына қатысады.
Премьер жұмыс сапарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан облыстық қазақ музыкалық драмалық театрын, туберкулезге қарсы 210 орындық жаңа диспансер мен ауысымда 100 адам қабылдайтын емхананы аралаумен қорытындылайды деп күтілуде.