Павлодар облысында республикалық маңызы бар жолдарды жөндеумен жеке кәсіпкерлер айналысуы мүмкін
Бұл туралы облыс прокуратурасымен Павлодар облысының республикалық көлік жолдарын күтіп ұстау кезінде заңнаманы қолдану мәселесі бойынша өткен алқа отырысы кезінде прокуратураның бірінші басқармасының бастығы Саят Әбділманов мәлім етті.
-Жолдарды күту мемлекеттік мекемелердің құзырында. Алайда оларда жолдарды күтіп ұстауға техника жеткіліксіз. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне республикалық маңызы бар жолдарды жеке кәсіпкерлерге беруді ұсынамыз. Осылайша мемлекет жаңа салыққа кеңелсе, адамдар жаңа жұмысқа ие болады, - деді Саят Әбділманов.
Айта кетейік, облыс аумағындағы республикалық көлік жолдарының жалпы арақашықтығы 1 510 шақырымды құрайды. Оның ішінен «Қазақкөлік жолы» ШЖҚ РМК Павлодар облысы филиалының күтіп ұстауына 1 143 шақырым кіреді. Республикалық көлік жолдарын күтіп ұстау «Қазақ көлік жолы» ШЖҚ РМК мен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның арасындағы шарттың негізінде жүзеге асырылады. Бұл мақсатта 2016 жылы 1 млрд. 150 млн. 756 мың 90 теңге бөлінді.