Павлодар облысындағы жағдай тұрақтанды - ҚР ТЖМ

None
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Осыған дейін хабарланғандай, қыркүйектің 8-інде Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы «Ертіс - орманы» мемлекеттік мекемесінің Шалдай бөлімшесінде орман өрті орын алды.

Өртпен күреске барлық салалық құрылымдардың адам күштері мен құралдары - ТЖМ өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, Қорғаныс министрлігінің, АШМ Орман шаруашылығы комитетінің, ІІМ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, әкімдік пен ерікті өрт құрылымдарының қызметкерлері белсене атсалысты.

Тыңғылықты атқарған шаралар барысында, ҚР ТЖМ мен өзге де көмекке тартылған қызметтердің өкілдерінің тиімді шаралары мен ерік-жігерінің арқасында орман алқаптарындағы өрт ауыздықталды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Павлодар облысында құрылған арнайы комиссия Жабағылы мен Бәйімбет кенттеріндегі әрбір үйге барып, шығын көлемін есептеді. Көрші аудандардан қажетті шөп мөлшері жеткізіле бастайды, өртте шығын болған үй жануарлары үшін өтемақы төленеді.

Абырой болғанда, тұрғындардың үйлері мен мүлкі зардап шеккен жоқ, дегенмен бастарынан өткерген қасіреттен кейін оларға психологиялық қолдау қажет. Ол көмекті ҚР ТЖМ «Апаттардың медицина орталығы» ММ көрсетеді.