Павлодар облысының аумағында өрт ошағын сөндіру шаралары жүргізілуде

None
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Қырқүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко табиғи өрт ошағын ауыздықтар шаралары жүргізіліп жатқан ауданға барды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ақпараты бойынша, өрт қыркүйектің 8-і күні сағат 11.25-те Шарбақты ауданында «Ертіс орманы» резерватының Шалдай филиалында басталған.

Бастапқыда өрт ошағының аумағы 1300 гектарды құраған. Екпіні 28 метр/секундқа дейін жеткен қатты жел орман өртін тез таратып, оны сөндіруді қиындатқан. Нәтижесінде, жалын Ресей Федерациясының аумағына өткен. Ал сағат 15.25-те Бесқарағай филиалының Көкжал орман шаруашылығында ауданы 1500 гектарға жеткен екінші өрт ошағы анықталған.

Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы комитетінің және аудандық әкімдіктердің жандарынан құрылған ерікті өрт сөндірушілер жасақтарының күштерімен өрт ошағын ауыздықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табиғи өрт ошағын ескерту және оны жедел сөндіру жөніндегі жұмыстар жүргізу үшін ТЖМ «Республикалық дағдарыс орталығы» мемлекеттік мекемесінде жедел штаб құрылды. Павлодар облысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Александр Вербняктың жетекшілігімен облыстық штаб жасақталды. Бірлескен іс-шараларды талқылау үшін ТЖ министрі В.Божко мен Павлодар облысының әкімі Б.Сағынтаевтың қатысуымен төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссиясының екі мәжілісі өткізілді.

Аймақаралық орман-дала өрттерін ауыздықтау жоспарына сәйкес апат аймағына Төтенше жағдайлар министрлігінің төңіректегі облыстардағы өрт сөндіруші күштері тартылды, Шығыс аймақтық жедел штабы ұйымдастырылды. Өрт ошағындағы жұмыстарға Төтенше жағдайлар министрлігінің екі тікұшағы, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы мен арнаулы техникасы жұмылдырылып отыр. Сондай-ақ, Павлодар, Екібастұз қалаларынан жедел-құтқарушы жасақтар, аэромобильді отрядтар, Апат медицинасы орталығының, «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының және «Ертіс орманы» резерватының күштері тартылды.

Ал Ішкі істер департаментінің желісі бойынша өрт сөндіру шараларына 92 қызметкер, 18 техника, 52 байланыс бірлігі тартылды. Көлік құралдарының қозғалысын жабу, өрт болып жатқан аумақтарға бөгделерді жібермеу және тағы басқа да жедел шаралар жүргізу үшін аумаққа Жол полициясы басқармасының бес экипажы жөнелтілді, орманды алқапта орналасқан елді мекендердің арасындағы соқпақ жолдарға бекеттер қойылды.