Павлодарда автобус пен жеңіл көліктің соқтығысуынан 7 адам зардап шекті

Фото: t.me/tipavlo

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Зардап шеккен жолаушылардың төртеуі — бала. Олар жедел жәрдеммен өңірлік балалар ауруханасына жеткізілді.

Облыс орталығындағы Торайғыров — Академик Сәтбаев көшелері қиылысында қоғамдық көлік пен жеңіл автокөлік соқтығысты. Жол-көлік апаты салдарынан 7 адам зардап шеккен. 

Жедел жәрдемге жол апаты туралы хабарлама бүгін сағат 16:38–те түскен. Оқиға орнына үш медициналық бригада жіберілді.

— Жеті адам зардап шеккен, оның ішінде төртеуі — бала. 1937, 1969 және 1989 жылғы әйел адамдар қалалық № 1 ауруханаға жеткізілді. Ал 2013 жылғы қыз, сондай-ақ 2012, 2016, 2017 жылғы ер балалар облыстық балалар ауруханасына апарылды, — деп мәлімдеді облыстық жедел жәрдем стансасынан.

Еске сала кетейік, бір түнде жол апатынан 15 адам қаза тапты.