Павлодарда суық тиіп ауырғандар көбейе бастаған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірде жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандардың қатары күннен күнге артып келеді. Эпидемиоллгиялық маусым басталғалы 1,5 мыңнан астам жағдай тіркелген.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Замзагүл Досжанованың айтуынша, вирус жұқтырған науқастар саны көбейе бастаған.
— Эпидмаусым басталғалы Павлодар облысында 1,5 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы анықталды. Аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 146,2-ні құрады. Ауырғандардың ең көбі 14 жасқа дейінгі балалар, олардың арасында 648 жағдай тіркелген. Ал тұмау әзірше тіркелген жоқ, — дейді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, алдағы эпидемиологиялық маусымда тұмау вирусының A (H1N1), A (H3N2) және B сияқты үш штамы өзекті болады. Бұл штамдар Павлодар облысы үшін 80 мың доза мөлшерінде сатып алынған «Гриппол плюс» вакцинасының құрамына енгізілген.
Өңірде тұмауға қарсы вакциналау қыркүйек айында басталған. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам егілген.
Еске сала кетейік, елімізде жыл сайын 600-ге жуық бала онкологиялық ауруға шалдығады.