Павлодарлықтар орманды жер серігінің көмегімен қорғауды ұсынды
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында өткен партияның облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысында Павлодар облысындағы орман қорының сақталуы мәселесі қаралды.
2015 жылдың желтоқсан айында партияның облыстық филиалының ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдаған ұсынысы бойынша биылғы жылдың 1 қаңтарынан «Ертіс орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерватындағы» ағаш кесудің барлық түрлеріне мораторий жарияланған еді.
Алайда мораторийге қарамастан ормандағы ағаш кесу фактілері әлі де орын алуда. «Ертіс орманы» МОТР бас директорының міндетін атқарушы Тілек Мұқановтың жеткізген ақпаратына сәйкес, биылғы жылдың басынан бері резерватта өз еркімен 26 текше метр көлеміндегі ағаш кесудің 8 фактісі орын алған. Олардың алтауы бойынша қылмыстық іс қозғалып, 32 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлердің айтуынша, орман шаруашылығында құқық бұзушылықтардың саны күрт төмендеуде. Комиссия мүшелерімен осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жетілдіру мақсатында түрлі ұсыныстар айтылды. Мысалы, Павлодар облыстық прокуратурасы 1-басқарма бастығының міндетін атқарушысы Бақытжан Әлиақпаров орман қорғау қызметкерлеріне шетел тәжірибесін зерттеп, жұмыста заманауи технлогиялар қолдануға шақырды.
«Біздер әлі ХХ ғасырда қалып келеміз. Орманды қорғау саласында әлдеқайда тиімді заманауи технологиялар бар. Мәселен, ұлан-ғайыр территорияға ие Канадада бұл жұмысты жер серіктері атқарады. Бұл әлдеқайда тиімді, әрі арзан. Шетелдік спутниктерінің түсірілімдеріне келісім-шарт негізінде тапсырыс беруге болады. Бұған облыс қаражатынан 70 млн. теңге керек», - деп атады Бақытжан Әлиақпаров.