Президент кубогы: ITF турнирінде жұптық сында ширек финалға Қазақстаннан кімдер шықты

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Beeline Arena ұлттық теннис орталығында Президент кубогы үшін ерлер және әйелдер арасында жұптық сында ITF турнирінің ширек финалына шыққандар анықталды.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Григорий Ломакин ресейлік Александр Лобановпен бірге 1/8 финалда ресейліктер Савелий Иванов – Евгений Филипповты 6:4, 6:2 есебімен ұтты.

Қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалға шығу үшін қазақстандықтар Ілияс Маратұлы – Тайыр Сармановпен таласады. Бұл дуэт отандастары Дамир Дүйсенғазин – Олжас Есеналыны қапы қалдырды – 6:4, 6:2.

Әмір Омарханов түркиялық Мерт Алкаймен бірге тартысты бәсекеде ресейлік Никита Ианин – өзбекстандық Максим Шиннан басым түсті – 6:3, 3:6, 12:10.

Әйелдер арасында Асылжан Арыстанбекова – Іңкәр Дүйсебай ресейліктер Дарья Харланова – Эдда Мамедованы жолдан тайдырды – 6:3, 5:7, 10:7.

Альбина Кәкенова – Анастасия Крымкова табандылық танытып, ресейліктер Софья Гапонова – Мария Михайлованы камбэкпен жеңді – 3:6, 6:4, 10:8.

Аружан Нұранбай – Сәтима Төреген жапониялық Хонори Каояма – украиналық Адриана Ткаченконың мысын басты – 6:4, 6:4.

Сандуғаш Кенжебаева ресейлік Алиса Кюммельмен бірге қазақстандықтар Екатерина Дмитриченко – Аружан Сағындықовадан өтті – 6:4, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гарростың іріктеу турнирінде қазақстандық жас теннисшілердің ширек финалға өткенін жазған едік.