«Реал Мадрид» клубы рекордтық көлемде табыс тапты

Фото: realmadrid.com

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа футболындағы ең тұрақты және табысты клубтардың бірі саналатын атақты «Реал Мадрид» 2024/25 қаржылық маусымының ресми есебін ұсынды, деп хабарлайды realmadrid.com.

Клуб жариялаған сандар, әрине, жанкүйерлер мен сарапшыларды бір қарағанда таң қалдырады. Өйткені бұл есеп арқылы «корольдік клуб» спортта ғана емес, қаржы саласында да қаншалықты биікке жеткенін тағы бір рет паш етті.

«Реал Мадрид» клубы 2024/25 маусымда ешқандай трансферсіз, яғни ойыншыларды сатудан кіріс алмай-ақ 1 миллиард 185 миллион еуро пайда тапты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен 10%-ға артық және клуб тарихындағы абсолютті рекорд ретінде тіркелді.

Осындай жоғары табыстың аясында «Реалдың» таза пайдасы да айтарлықтай өсімге қол жеткізді — 24,3 миллион еуро. Бұл көрсеткіш өткен маусыммен салыстырғанда 56 пайызға артып, клубтың экономикалық қызметінің қаншалықты тиімді екенін көрсетеді.

Тағы бір назар аударарлық көрсеткіш - EBITDA. Бұл пайыздарды, салықтарды және амортизацияны есепке алмағандағы пайда сомасы. «Реал Мадрид» үшін бұл көрсеткіш 242,9 миллион еуро болды. Бұл да тарихи рекорд және клубтың қаржылық тетіктерін қаншалықты сәтті орнатқанын растайды.

Қазіргі уақытта клубтың жалпы таза капиталы 598 миллион еуроға жетті. Қарыздың меншікті капиталға қатынасы 0-ге тең, бұл «Реал Мадрид» клубы толығымен дерлік қарызсыз дегенді білдіреді.

Сонымен қатар клубтың стадионын — «Сантьяго Бернабеуді» қалпына келтіруге алынған несиелерді есептемегенде, «Реал Мадрид» клубының таза қарызы небәрі 12 миллион еуроны құрайды. Мұндай тұрақтылық көптеген клубтар үшін арман болып қала береді.

«Реал Мадрид» тек сырт алаңда ғана емес, қаржылық жоспарда да чемпиондыққа ұмтылып жатқан сияқты. Ойыншылар, жанкүйерлер және инвесторлар үшін мұндай тұрақтылық ертеңгі күнге сенім мен шабыт береді.

Еске сала кетейік, Майкл Джордан ең көп табыс тапқан спортшы атанғаны жайлы жазған едік.