Ресей Елшісі көңіл айтып жатқан қазақстандықтарға алғыс білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин Кемероводағы оқиғаға орай көңіл айтып жатқан қазақстандықтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Бұл үлкен қайғылы оқиға. Әсіресе қаза тапқандардың жақындарына өте ауыр. Владимир Путин оқиғаға қатысты өз бағасын беріп, жағдайдың салғырттық кесірінен болғанын айтты. Балалардың көз жұмғанын ойлағанда жүрегің қарс айырылады»,-деді Ресей Елшісі.
Дипломат сонымен қатар бүгін Ресейде қаралы күн жарияланғанын жеткізді.

«Қайғымызға ортақтасып, ең алғаш көңіл айтқан мемлекет басшыларының бірі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Астана, Алматы, Орал және Өскемен қалаларындағы Ресей консулдықтарына келіп жатқан барлық қазақстандықтарға алғыс білдіремін»,-деді Алексей Бородавкин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Кемеровода болған жантүршігерлік оқиғаға байланысты Қазақстан өңірлерінде көңіл айту шаралары өтуде.

25 наурыз күні Кемеровоның сауда үйіндегі өрттен 64 адам қаза болған еді, олардың дені балалар.