Ресей мен Қазақстан біріксе, астық экспорттаудан әлемдегі алғашқылардың бірі болады - Мәжіліс депутаты
20:03, 02 Сәуір 2010
nbsp; АСТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан да, Ресей де - астық экспорттаушы елдер. Ресей бұл сала бойынша әлемде 3-ші орында тұрса, Қазақстан 6-шы орынға табан тіреп отыр. Ал екі елдің әлеуеттерін біріктіретін болса, АҚШ-тың да алдына шығуға болады. Бұл туралы бүгін Астанада Кедендік одақ қызметіне байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Ромин Мадинов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мықты инфрақұрылым керек. Бүгінгі таңда Қиыр Шығыста бірде-бір астық терминалы жоқ. Ал қазақстандық кәсіпкерлер мен «Қазагро» холдингі мықты терминал салу ісіне атсалысуға дайын. «Астықты тұтынушылардың негізгі бөлігі Оңтүстік-Шығыс Азияда тұрады. Кезінде Ресей өзінің отандық астық экспорттаушылары үшін теміржол тарифтерін екі есеге қысқарту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Егер осы тәжірибені бүгінгі күні енгізетін болса, бұл астық эскпорттаушылардың қызметіне тың серпін беріп, Қиыр Шығыс арқылы жылына 5-6 миллион тонна Ресейдің де, Қазақстанның да астығын тасымалдауға мүмкіндік берер еді», деді депутат.