Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері мәскеу метросындағы жарылыс кезінде қаза болғандарды еске түсірді
17:55, 01 Сәуір 2010
МӘСКЕУ. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Бүгін Мәскеуде «Лубянка» метро стансасының вестибюлінде Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен қазақстандық дипломатиялық өкілдіктің қызметкерлері лаңкестік актіден қаза тапқандарды еске алып, қайғылы оқиға орнына гүл шоқтарын қойды.
Дипломатиялық миссия басшысы қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Бұдан бұрын, Мәскеу мэрінің атына жөнелтілген жедел хатта «мәскеулік метрополитенде болған қасірет бүкіл қазақстандықтарды күйзелтті. Біз Мәскеуде қаза болған бейбіт тұрғындардың отбасылары душар болған орны толмас ауыртпалықты өздеріңізбен бірдей бөлісеміз және қасіретке терең қайғылымыз», делінген.