Салық жеңілдіктерінің жүйесіздігінен үш жылда бюджетке 30 трлн теңге түспей қалған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Салық жеңілдіктеріндегі жүйесіздік салдарынан 2018-2021 жылдары бюджетке 30 трлн теңге түспей қалған. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкімет тарапынан шешімін таппай отырған тағы бір маңызды мәселе – салық жеңілдіктері санының көптігі. Жоғары аудиторлық палатаның бағалауынша, 2018-2021 жылдар аралығында бюджетке толық түспеген қаражат көлемі 30 триллион теңгеден асады. Реттеуші нормативтік құқықтық базаның әлсіздігінен салықтық әкімшілендірудің қабылданатын шаралары да тиімсіз болып отырғанын атап өткім келеді», - деді депутат.

Оның айтуынша, мемлекеттік органдар қоданыстағы салықтық жеңілдіктердің қажеттігі мен тиімділігін негіздеп бере алмаған.

«Салық жеңілдіктеріне мониторинг пен талдау жүргізілмейді. Тіпті олардың қолданылуы да бақыланбайды. Ұсынылатын жеңілдіктер көлемі жыл сайын артып келеді. Олардан экономикамыз қандай пайда көрді? Бұл сұрақтың түсінікті жауабы жоқ», - деді Ұласбек Сәдібеков.