«Самұрық-Қазына» басшысы Жаңаөзен тұрғындарын жұмыспен қамту үшін нақты жобалар дайындауды тапсырды

None
АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Жаңаөзендегі мәселелерді шешу жөніндегі үкіметтік комиссия төрағасы-«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жұмыс тобына 1 ай ішінде Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін нақты жобаларды дайындауды тапсырды.

Бұл тапсырманы Ө.Шөкеев кеше Ақтау қаласында Жаңаөзенді қалпына келтіру мәселелеріне байланысты өткен кеңейтілген мәжілісте мәлім етті.

«Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, жиын барысында Маңғыстау облысының жаңа тағайындалған әкімі Бауыржан Мұхамеджанов, Жаңаөзенді дамытуға қатысты 2020 жылға дейінгі аралықты қамтитын ұзақмерзімді жоспарда тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне басымдық берілгенін айтты. «2020 жылға дейін Жаңаөзен халқының табиғи өсімі 150 мың адамға жетеді», - деді Б.Мұхамеджанов.   

Оның сөзінше, қазір қала тұрғындарының саны 90 мыңды құрап    отыр. Болашақта жұмыс орындарының жетіспеушілігі 15 мыңға жетпек. Осы мәселенің алдын алу үшін аймақта индустрияландыру картасының аясында 19 жаңа жоба жүзеге асырылатын болады.

Осыған байланысты Үкімет жасақтаған комиссия төрағасы Ө.Шөкеев жұмыс тобына әрбір жобаны жеке қарауды тапсырды. «Халық қандай кәсіпорынның қашан ашылатынын және онда қанша жұмыс орны болатындығын білуі қажет. Мен ең нақты деген жобаларды дайындау үшін 1 ай уақыт беремін», - деді Ө.Шөкеев.