Санатәлі Төлтаев IBA аясындағы бокстан әлем чемпионатында екінші жеңісіне жетті

Фото: boks_alemy.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында 8 желтоқсанда ел құрамасынан Санатәлі Төлтаев (67 келі) сынға түсті.

Отандасымыз бұл жолы бразилиялық Касио Сантос Оливьерамен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы шаршы алаңда ширақ қимылдап, көбірек соққы жұмсап үлгерді. Нәтижесінде жарысты жалғастыруға мүмкіндік алып, ширек финалға шықты.

Қазақстандық боксшы бұдан бұрын замбиялық Жералд Кабинданы 4:1 есебімен қапы қалдырды.

Енді ел құрамасынан күндізгі сессияда Ерасыл Жақпеков (80 келі) ресейлік Джамбулат Бижамов, Нурмагамед Юсупов (92 келі) испаниялық Энмануэль Рейес, Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) бейратап елдің өкілі Иман Рамизанпурделвармен шаршы алаңға шығады.

Ал кешкі сессияда Теміртас Жүсіпов (48 келі) үндістандық Девендра Сингх Саланди Сабыржан Аққалықов (75 келі) Даңа Зеландия өкілі Таухиримати Тохерири-Халлит), Серік Теміржанов (60 келі) замбиялық Эндрю Чилатамен кездеседі.

ІBA турнирі 3-13 желтоқсан аралығында Дубайда ұйымдастырылады. Бұл бәсекеде 13 салмақ дәрежесі белгіленген. Жүлде қоры өте жоғары: чемпиондар — 300 мың доллар, күміс жүлдегерлер — 150 мың доллар, қола жүлдегерлер — 75 мың доллар, ал ширек финалистер 10 мың доллар алады.

Биыл дүбірлі додаға жер-жаһанның 95 елінен былғары қолғап шеберлері келді.