Сәтбаев қаласында жұмыссыз ер адам көп қабатты тұрғын үйді «миналаған»
Полицияның ақпараты бойынша, оқиға 8 қаңтар күні болды. «Түнгі сағат бірдің шамасында Сәтбаев қаласының ІІБ-іне белгісіз ер адам телефон соғып, Ерден көшесіндегі үйде жарылғыш заттың орнатылғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел түрде барлық құтқару қызметтері жіберілген. Үйден 187 адам көшірілді, олардың барлығы жақын жерде орналасқан мектеп ғимаратына орналастырылды», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ғимаратты мұқият тексеру барысында жарылғыш зат табылған жоқ. Тексеру сағат 02.50-де тоқтатылды.
«Жедел-іздестіру шараларының барысында полиция қызметкерлері ұялы телефоннан қоңырау шалған 23 жастағы жұмыссыз азаматты анықтап, қолға түсірді. Күдікті азамат уақытша қамау абақтысына отырғызылды. Дайындалып жатқан лаңкестік әрекет туралы әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 242 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.