Сәуірдің 4-інен бастап Тарбағатай - Ақсуат учаскесінде қозғалыс жанданды - Көлік және коммуникациялар министрлігі

None
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Сәуірдің 5-індегі мәлімет бойынша Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай - Ақсуат учаскесінде жол қозғалысы жанданды, деп хабарлады көлік және комсмуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұрын бұл учаске тасқын судың салдарынан жабық болды. Аталған учаске Бұғаз өзені арқылы көпірдің бұзылуына байланысты өңірдегі жолы жабық жалғыз учаске болатын. Қазіргі уақытта ұзындығы 1,5 шақырымдық айналма жол мен уақытша көпір салынды.

Жалпы бүгінгі күнгі жағдай бойынша, өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелерінде жол ашық.

Ал Ақтөбе облысында нөсерлі жаңбырдың салдарынан қиыршық тас жол учаскесінде лайлы шалшық пайда болды. Жол жүрудің қиындауына байланысты Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз автожолының Берсүгір - Шалқар учаскесінің 120-257-ші шақырымдарында жеңіл автокөліктердің жол қозғалысы шектелді. Қазіргі уақытта қозғалыс Ақтөбе - Қарабұтақ - Ырғыз - Шалқар бағыты бойынша жүзеге асырылады. Учаскеде 3 техника жұмыс жасауда.