Саяси жаңғыру бағытындағы нақты қадам
Арнайы жұмыс тобы құрылып, ұсыныс-пікірлерді сараптап, саралады. Елбасының төрағалығымен өткен жұмыс тобының соңғы отырысында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіне қатысты түскен ұсыныстар талқыланып, қорытынды жасалған болатын. 3-наурызда Мемлекет басшысы қатысқан Парламент палаталары бірлескен отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шығарылды.
Мемлекет басшысы Парламент мінберінен сөйлеген сөзінде еліміздің негізгі заңы - Конституцияға енгізу ұсынылған өзгерістер жобасын әзірлеу үдерісіне арнайы тоқталып, осы өзгерістер арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін, талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Менің Жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жұмыс тобы атқарған жұмыстың қорытындысына тоқталып, Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгенін айтты.
«Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түсті. Бүкіл конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қазіргі реформалардың ерекшелігін атап өтіп, елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар аударды.
«Біріншіден, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы рөлін айтарлықтай күшейтеді. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артады. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылады. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституция¬лық деңгейде берілетін кепілдік бекемдене түседі», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағының жоғары кәсібилігін, олардың өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілетін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті президенттік басқару нысанының сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді.