Сенат радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау мәселесін қарайды

Фото: ҚР Парламенти Сенати

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар ТМД елдерінде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау мәселесі көзделген құжатты қарап, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастықты көздейтін келісімді талқыға салады. 

Айта кетейік, 10 қарашада Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда бүгінгі отырыстың күн тәртібіне мына мәселелерді шығару туралы шешім қабылданды:

1.«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

2.«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қазақстан Үкіметі 2020 жылғы 6 қарашада өткен ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында қол қойған бірінші келісімді осы жылдың 1 қазанда Мәжіліс қабылдаған болатын.

- Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағы бойынша радиоактивті материалдарды тасымалдау тәртібіне байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамамен реттелген. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау уәкілетті мемлекеттік органдар (Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Атомдық қадағалау және бақылау комитеті, ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті) беретін рұқсаттар (лицензиялар) негізінде жүзеге асырылады. Келісімді ратификациялау қажеттілігі радиоактивті материалдарды бірнеше мемлекеттің аумақтарын қамтитын халықаралық тасымалдау кезінде ТМД-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының іс-қимылдарының келісімділігін, рұқсат құжаттарын өзара тануды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін талап етуімен негізделеді, — деген еді сол кезде Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев.

Бұл құжат трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге ықпал ететін болады.

Ал екінші келісімге былтыр 10 қазанда Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары барысында қол қойылды. Құжат қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрады.

Фото: Kazinform

- Құжатта ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік, террористік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту ескерілген. Келісім халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келеді, — деген еді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов.

Естеріңізге сала кетсек, Сенаттың өткен аптадағы жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Фото: ҚР Парламені Сенатының баспасөз қызметі

Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, заң жобасымен келесі негізгі өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі:

  •  біріншіден, эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдардың өз хабарларын, оның ішінде қайта трансляциялау құқықтарын нақтылау көзделеді;
  •  екіншіден, көру қабілеті бұзылған азаматтардың авторлық құқықпен қорғауға алынған шығармаларға қол жеткізу мүмкіндігі кеңейтіледі, яғни заңды жарияланған шығармаларды арнайы қолжетімді форматтарда таратуға, көрсетуге және орындауға құқық беріледі;
  •  үшіншіден, тауар таңбаларына берілген өтінімдерді жеделдете сараптаудың жаңа тетігі енгізіледі;
  •  төртіншіден, тауар белгісін тіркеуге қарсылық білдіру мерзімі 1 айдан 2 айға дейін ұзартылады;
  •  бесіншіден, тауар белгілерін тіркеуден бас тарту негіздері нақтыланады, оның ішінде қызмет көрсету орны ескеріледі;
  •  алтыншыдан, өнертабысқа патент беруден ресми сараптама кезеңінде-ақ бас тарту мүмкіндігі енгізіледі.

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Нақтырақ айтқанда, «Мәдениет туралы» Заңда:

  •  телевизиялық жазбалар мен концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге бейімделмеген орындарды қоспағанда, ұйымдастырушыларды, шығармашылық ұжымдарды және орындаушыларды концерттік ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларда дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалануына тыйым салуды көздейтін өзгерісті нақтылау;
  •  заңнамада белгіленген жағдайларда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу және музыкалық шығармаларды орындау кезінде дауыстық (вокалдық) фонограммаларды пайдалану туралы көрермендерді хабардар етуді міндеттейтін және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» қолданыстағы заңның тиісті нормасын осы түзетуге сәйкестендіру;
  •  жеке тұлғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларында авторлық құқық объектілері саналатын туындыларды жария пайдалануы кезінде автордың (авторлардың) атын көрсетуге міндеттеу жөніндегі норманы қолданыстағы заңнамаға қатысты реттеу;
  •  орта білім беру ұйымдарының мемлекеттік объектілерін салуды, реконструкциялауды және күрделі жөндеуді тиісті көлемде қаржыладандыратын жергілікті атқарушы органдардың тізімінен аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларды алып тастау жөніндегі түзетулер қамтылған.
Фото: Сенат

Жалпы отырыс күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында әскери тәртіп пен әскери полицияның жұмысын реттейтін заңдарды қайта қарау қажет екенін айтты.

— Әскери полиция, қолбасшылық және құқық қорғау органдары арасындағы функцияларды ажырату, сондай-ақ тәртіптік талаптарды бұзу жағдайына мониторингінің цифрлық жүйелерін пайдалануды бекіту, әскери бөлімді өз бетінше қалдырғаны үшін жауапкершілік нормаларын қатаңдатуға байланысты заңнаманы күшейтуді ұсынамыз. Әскери психологтарды даярлау және сертификаттау стандарттарын белгілейтін заңға тәуелді актіні қабылдау, суицидтік жағдайлардың алдын алудың ведомствоаралық бағдарламасын әзірлеу қажет, — деді депутат.

Ал Амангелді Есбай кәсіби біліктілігі жоқ жалған коучтар мен психологтардан зардап шеккендердің статистикасын келтіріп, қоғамдағы өзекті проблеманы көтерді. Сенатор азаматтардың психикалық, әлеуметтік және қаржылық қауіпсіздігіне қатер төндірмеу, отбасы институтын және балалардың құқықтарын қорғау үшін аталған мамандардың жауапкершілігін заңнамалық деңгейде қатаңдатуды ұсынды.

- Заң қабылдауды, лицензиялау және кәсіби тіркеу тетігін енгізуді, психологтер мен коучтердің бірыңғай ұлттық реестрін құруды, сондай-ақ Этикалық кодекс және құпиялылықты сақтау талаптарын заңдастыру арқылы клиенттің жеке деректерін қорғау, ақпаратты рұқсатсыз жарияламау міндеттерін құқықтық жауапкершілікпен бекітуді ұсынамыз, - деді сенатор.