Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті

None
АСТАНА. Наурыздың 30-ы. Қазақпарат. Жоғары мәртебелі мейманмен кездесу барысында Қ.Тоқаев Қазақстан Словакияны Еуропалық Одақтағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі ретінде қарастыратындығын және барлық салалар мен деңгейлердегі диалогты дамытуға мүдделі екендігін атап өтті.

Ол Словакияға Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағылығына және Ұйымның саммитін өткізуге қатысты қазақстандық бастамаға көрсеткен қолдаулары үшін шынайы алғысын білдірді, деп хабарлады сенаттың баспасөз қызметі.

Әңгімелесушілер көпсалалы қазақстан-словакия ынтымақтастығының тиімді дамуына тоқталып, оны одан әрі дамытудың орасан әлеуетін атап өтті. Осы ретте екі ел арасындағы парламентаралық байланыстарды да өрбіту аса маңызды.

«Халықтық демократия ықпалының өсуі тұсында, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді сәтті және уақытылы жүзеге асыру үшін парламентшілердің қолдауы аса қажет»,-деді Қ.Тоқаев. Ол Словакия Парламентінің Төрағасын Қазақстан Парламентіне келуге шақырды.

Қазақстандық Сенат басшысы Словакия Республикасының Президентін Қазақстан Парламенті құрылымы мен қызметі, жоғарғы палатаның мемлекеттік институттар жүйесіндегі ролі және қазақстандық депутаттардың Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық етуімен байланысты халықаралық шараларға белсенді қатысулары туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар, «ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламентшілер жиынына дайындық барысы туралы айта келіп, словакиялық парламентшілердің осы шараға белсенді түрде қатысуына сенім білдірді.

Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпарович өз кезегінде ЕҚЫҰ Қазақстанның төрағалығы тиімді әрі жемісті болатындығына сенім білдіріп, Қазақстан мен Словакияның сындарлы қарым-қатынастарының салаларын одан әрі нығайту мен кеңейту экономика, энергетикалық қауіпсіздік, терроризмге қарсы тұру, гуманитарлық және басқа салаларда сындарлы роль атқаратындығын атап өтті. Ол қазақстандық Сенат Төрағасын Словакия Республикасының Парламентіне ресми сапармен келуге шақырды.