Сенатор Ә.Ахметов ИКҰ штаб-пәтерінде болды

None
СТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Сенат депутаты, ЕҚЫҰ Қазіргі төрағасының жеке өкілі Әділ Ахметовтің Ұйымдағы арнайы департаменттердің басшылығы және өкілдерімен кездесуде исламнан қорқушылық пен әлемдегі мұсылмандарды кемсітушілікті жою саласындағы ЕҚЫҰ мен Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

Ә.Ахметовтің Джиддадағы (Сауд Аравиясы) ИКҰ штаб-пәтеріне ресми сапары аясындағы келіссөздері барысында сенатор ИКҰ Бас хатшылығын ЕҚЫҰ төрағасы лауазымында Қазақстанның осы саладағы қызметімен таныстырды.

«Өзара төзімділік, діни алуандықты толеранттық тұрғыда қабылдай білу Астананың ЕҚЫҰ-дағы және тұтас халықаралық аренадағы басымдықтарының бірі болып табылады», - деп атап өтті жеке өкіл.

ИКҰ басшылығы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Батыс пен ислам әлемі, түрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы үнқатысулар мен өзара түсіністікті нығайту жөніндегі саясаты мен халықаралық бастамаларына жоғары баға берді.

Ислам Конференциясы Ұйымының мүше елдері исламға және мұсылман әлеміне қатысты теріс көзқарастар мен нанымдарды еңсеру ісінде Қазақстанның үстіміздегі жылғы ЕҚЫҰ-ға және алдағы жылы ИКҰ-ға төрағалық етуіне зор үміт артып отырғаны айтылды.

Тараптар байланысқа әзірлігін білдіре келіп, ынтымақтастықты дамытудағы бірлескен нақты қадамдарды белгіледі. Олардың ішінде ЕҚЫҰ-ның үстіміздегі жылғы маусымда Астанада өтетін төзімділік және кемсітушілік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясына ИКҰ делегациясының қатысуы және осы шара аясында көрнекті ислам және батыс ғалымдарын тарта отырып, исламман қорқушылық мәселелері бойынша жеке семинар өткізу мәселелері бар.