Сенатор ауған соғысы ардагерлерінің әлеуметтік жағдайына қатысты ұсыныс айтты
Оның айтуынша, Ауғанстандағы соғыс қимылдарына қатысқан кейбір азаматтар тиісті әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктерді ала алмай келеді. Ауған соғысына қатысқандар осыған дейін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерімен теңестіріліп, тиісті жеңілдік алған еді. Алайда, 2020 жылы жаңа заңның қабылдануына байланысты бұл жеңілдіктер алынып тасталды. Соған орай әлеуметтік қорғау деңгейі де едәуір төмендеді.
Депутат Ауған соғысына қатысқандар алатын мемлекеттік көмек деңгейінің төмендігін атап өтті. Қазіргі кезде берілетін 21 мың теңге адамдардың нақты мұқтажы мен елдегі экономикалық жағдайға сай келмейді.
Сенатор бұрын белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік қорғау деңгейін қалпына келтіруді, мемлекеттік көмекті көтеруді және осы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін жағдай жасауды ұсынып отыр.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындарды жекешелендіру мемлекет үшін қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін айтты.
Бұдан бөлек, сенатор Жанна Асанова отандық қару-жарақ, дулыға және қорғаныс қалқандарын өндірушілер өз өнімдерін сынақтан өткізе алмай жатқанын айтты.