Сенатор Қуаныш Сұлтанов Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадовпен кездесті

None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановтың Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Магтымгулы Акмырадовпен кездесуінде Қазақстан-Түрікменстан ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері сөз болды.

Әңгіме барысында Қ.Сұлтанов екі мемлекет арасындағы қатынастардың достық сипатын атап өте келіп, өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша байланыстарды өрістетуге Қазақстан жағының әзірлігін айтты.

Қ.Сұлтановтың айтуынша, Қазақстан-Түрікменстан қатынастары өзара сыйластық және тату көршілестік тұрғысында дамып келеді, мемлекетаралық байланыстарды одан әрі белсенділендіру үшін барлық жағдай жасалған.

Қ.Сұлтанов биылғы 1-2 желтоқсанда Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуге әзірлік жайында әңгімеледі. Сенатор Ұйым төрағасы лауазымындағы Қазақстан бастамаларына қолдау білдіргені үшін Түрікменстан басшылығына ризашылығын білдірді.

М.Акмырадов өз кезегінде «тәуелсіздік жылдарында елімізде жүзеге асқан игі істер үшін негіз болған» Конституцияның 15 жылдығымен құттықтады.

Дипломаттың айтуынша, «Қазақстан-Түрікменстан қатынастарының тарихи дамуының барлық кезеңдерінде қандай да бір күрделі проблема болған емес, біздің елдеріміз арасында бірде-бір шешілмеген мәселе жоқ».

Мәдени, тарихи байланыстардың ортақтығын айта келіп, елші «Қазақстан-Түрікменстан қатынастарының саяси және экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндіктері бар», деп атап өтті.