Сенатор М.Мұхамедов Қазақстанда темекі мен спирттік ішімдіктердің акциздік ставкаларын көтеруді ұсынды

None
АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлт болашағы үшін Қазақстанда темекі мен спирттік ішімдіктердің акциздік ставкаларын көтеретін уақыт жетті.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Мұрат Мұхамедов осылай мәлімдеді.

Сенатордың айтуынша, ресми деректер соңғы он жылда елімізде маскүнемдер саны он есеге өскендігін айғақтайды. Мәселен, еліміздегі наркологиялық мекемелдерде 235 416 адам маскүнемдік дерті бойынша есепте тұр. Бұл Қазақстандағы әрбір 100 мың адамның 144,2-сі маскүнемдікке бой алдырғандығын білдіреді.

«Республика бойынша 1 адамға шаққанда жылына орта есеппен 31 литр сыра, 12 литр арақ шығарылады екен. Тағы бір дерек мынаны айтады: ел тұрғындарының 33,3 пайызы, яғни 1/3 арақ ішеді, солардың 59,7 пайызы 20 жасқа дейінгі жастар мен жасөспірімдер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының пікірінше, жылына жан басына шаққанда ішімдік 8 литрден асса ұлт генофонына әсер етеді.  Ал, біздегі бұл көрсеткіш 12 литрге жетіп отыр. Бұл дегеніңіз ұлттың азып-тозуына, оның тамырына балта шабуға жол беріп отырғандығымыз емес пе?», - дейді М. Мұхамедов.

Бұл ретте депутат, Елбасының бастамасымен «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру үшін арнайы қаржы да бөлінгенін айта келе, өкінішке қарай, олардың саламатты өмір салтын қалыптастырудағы тиімділігі сезілмей отырғанын да тілге тиек етті. Мұның бір себебі, қазақстандық  нарықтағы темекі мен спирттік ішімдік өнімдерінің бағасы өте төмен.

«Европа елдерін айтпағанның өзінде, Кеден одағына енген мемлекеттердің арасында Қазақстанда 2012 жылғы ақцизделетін тауарларының ең төменгі акциздік ставкалары қалыптасқан. Мысалы, 1 литр арақтың акциздік ставкесі Ресейде - 1024,8 теңге, Беларусияда-- 941,5 теңге, ал Қазақстанда 500 теңге, яғни екі есе төмен. Ал енді, 1 литр сыраның бағасы - Ресейде 53 теңге, Белоруссияда 30,5 теңге, Қазақстанда 26 теңге ғана. Сондықтан да, Қазақстан Біртұтас экономикалық аймаққа, Кедендік одаққа енген осы тұста, темекі мен спирттік ішімдіктердің ақциздік ставкаларын көтеретін уақыт жетті деп санаймыз. Бұл өзіміздің бүгініміз бен болашағымыз үшін аса маңызды шаралардың бірі», - деді сенатор М. Мұхамедов.