Шалғайдағы ауданда екі бірдей мәдениет үйі қайта ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұратсай ауылындағы мәдениет үйін ретке келтіруге 13,365 млн. теңге қаралса, соның 6,720 миллионы «Жол картасы» арқылы республикалық бюджеттен бөлінген. Жөндеу ісін «Санди» ЖШС (жетекшісі, жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова) атқарып, жергілікті жерден 16 адам жұмысқа тартылды. Іші-сырты түгел жаңарған 150 орындық мәдениет үйінің жылыту жүйесі енді табиғи газға қосылмақ.
Темір Масин ауылдық округі орталығындағы мәдениет үйі 1985 жылы салынған болатын. Содан бері жөндеу көрмеген ғимаратқа өткен жылы жергілікті бюджеттен 7 млн., биыл «Жол картасына» сәйкес 6,362 млн. теңге қаралды. Жөндеу жұмысын жеке кәсіпкер Тарас Сәрсеновтің жігіттері (олардың жетеуі жергілікті) атқарып шықты.
Қайта түлеген мәдениет ошақтарына ауыл тұрғындары ерекше риза.