Шалғайдағы ауылға газ келіп, тұрғындардың қолы ұзарды - БҚО

None
ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында елді мекендерді газдандыру одан әрі жалғасуда.

Өткен жылдың соңғы айында Ақжайық ауданындағы алыс ауылдардың бірі - Жайықтың арғы бетіндегі Жанамаға өзен табанымен газ жетіп, мектепке, мәдениет үйіне газ қуатымен жылу берілген болатын. Содан бері 33 үй «көгілдір отынның» қызығын көріп үлгерді. Жақын күндерде және осыншама үйде газ жанады деп күтілуде. Алдағы жазға дейін барлығы 80-ге жуық үй газбен қамтылмақ. Сөйтіп қыстың өзі қырауда да газдандыру жұмысы жалғасуда.

-Қазір кітапхана іші жып-жылы. Келген оқырмандар да кеткісі келмейді. 312 оқырманым бар. Жаңа кітаптар келуде. Жұбанның, Қадырдың, Ақұштаптың, Фаризаның кітаптары -  көпшілік іздеп жүріп оқитын дүниелер. Қуанышымызды жасыра алмаймыз. Кітапхана бұрын сұйық отынмен жылытылатын, қызуы онша емес еді. Қазір қол тигізбейді, -дейді кітапханашы Гүлсім Тұрайсова.

-Табиғи газ Жанамаға қашан келерін бұрын ойлаған да жоқпыз. Жаз бойы ағаш, тезек жинаймыз. Өзімізге, көрші-көлем, ағайынға көмектесеміз. Келген отынды тағы тасимыз, кесеміз, жарамыз, бір жерге кіргіземіз. Тынымсыз бейнет болатын. Бала кезімізде осы Жайықтың төңірегі ну болатын Қойнау-қойнауында бүлдірген мен мойыл мөлдіреп тұратын. Ал бүгінде сол ағаш сиреді, дәмді жемістері де көрінбейді. Оған себеп судың тапшылығы болса, екінші жағынан, ағашты отынға кесудің кесірі. Енді газ келді. Табиғаттың барын баянды еткенге не  жетсін, - дейді мәдениет үйінің операторы Таңат Қабиев.

-Мұғаліммін. Мектепке бір асығасың, үйге тағы солай. От жағасың, тамақ пісіресің. Сабағыңа әзірленесің. Тынымсыз тірлік. Ауылға газ келіп, үйге кіргізіп алдық. Тамаша болды. Енді ұстаздық еңбегімізді көрсетуге мүмкіншілік мол. Жақында ауданда өткен пән олимпиадасында оқушым Салтанат Бисенбаева ІІ орын алды. Бұл мектебіміз үшін үлкен мақтаныш. Сөйтіп, еңбегіміз арқылы жас ұрпақтың білімі нығайта бермекпіз. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа қамқорлығы жалғасып келеді. Сөйтіп, адал еңбек арнасын таппақ, - дейді сарытоғайлық ұстаз Күміс Жүкеева.