Шетелдік азаматтардың қазақстандық балаларды асырап алу саны азайып келеді - Ж. Түймебаев

None
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шетелдік азаматтардың қазақстандық балаларды асырап алу саны азайып келеді.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды талқылау барысында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2008 жылға қарағанда бұл көрсеткіш 40 балаға азайды. Ал қазақстандық бала асырап алушылардың негізгі құрамының 95 пайызы табысы орта азаматтар болса, олардың тек 5 пайызы ғана жоғары қоғамдық және материалдық жағдайы бар азаматтар болып табылады. Керісінше, баланы шетелдік асырап алушылардың 90 пайыздан астамы әл-ауқаты жоғары азаматтар. Сонымен бірге, шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық бала кәмелетке толғанға дейін ол жайында жыл сайын есеп беруге міндетті. Бұл норма қазіргі таңда толық орындалып келеді», деді министр.

Оның айтуынша, шет ел асып кеткен балалардың 90 пайызының денсаулықтары өте нашар болған. Сонымен бірге, министр келтірген деректерге қарағанда, соңғы он жылда еліміз бойынша 37 мың 450 бала асырап алынды. Бұның ішінде қазақстандық азаматтар 28 мыңнан астам баланы (77 пайыз), баланың шетелдік туыстары 500-ге жуық баланы (1,2 пайыз), ал шетелдік азаматтар 8 мыңға тарта баланы (21,8 пайыз) асырап алған.