Шеттегі қазақ диаспорасы балалары арасында ана тілі бойынша халықаралық олимпиада өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиеттім – ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ХХ Халықаралық олимпиада басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өтетін 5 күндік халықаралық олимпиадаға Моңғолия, Иран, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Ресей Федерациясынан 80-ге жуық оқушы келді.

«Ережеге сәйкес қатысушы елдердің әр командасы 14-17 жас аралығындағы 8 оқушы, 2 жетекшіден тұрады. Олимпиада эссе, «Тарихи таным» зерттеу жұмыстарын қорғау, үй тапсырмасы бойынша шығармашылық таныстырылым секілді 3 турдан өтеді», - дейді «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Қазақ диаспорасының дарынды балаларын анықтап, оларды тілге, әдебиетке, тарихқа ынталандыруды көздейтін білім сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталады.

ЖОО-на 15 білім гранты және 10 қатысушыға жазғы оқу-танымдық ауысымға жолдама беріледі.