Шығыс Қазақстандағы қала, аудан әкімдерінің қызметтік көліктері қандай

Фото: av.by

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы қала, аудан әкімдері қандай қызметтік көлікпен жүреді? Осыны Kazinform тілшісі біліп көрді.  

Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев 2024 жылы шығарылған KIA Sorento көлігімен жүреді. Оның нарықтағы орташа бағасы – 20 млн 127 мың теңге.

Фото: parkers.co.uk

Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашиновтың көлігі бұдан біршама ескілеу екен. Нақты айтсақ, 2017 жылғы Тойота Камри. Нарықтағы орташа бағасы – 9 млн 789 мың теңге. 

Фото: auto.vercity.ru

Ал Зайсан ауданын басқарып отырған Аэлита Ахметсәлімкызының көлігі әкімдер арасындағы ең ескісі. Бірақ ескі болғанмен еңселі. 2007 жылғы Toyota Land Cruiser. Бағасы 12-15 млн теңге аралығында.

Фото: auto.ru

Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсенбаев жиналыстар мен маңызды кездесулерге 2017 жылғы Skoda Superb көлігімен барады. Нарықтағы орташа бағасы – 10 млн теңге. 

Фото: skodamir.ru

Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышовтың қызметтік көлігі – нарықтағы орташа бағасы 12 млн 350 мың теңгені құрайтын 2018 жылы шыққан Skoda Kodiaq. 

Фото: thecarexpert.co.uk

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар да Эльдар Тумашинов секілді Toyota Camry-мен жүреді. Облыс орталығының басшысын таситын көлік 2017 жылы шығарылған. 

Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев болса дәл Алтай ауданының әкімі секілді KIA Sorento көлігімен жүреді.

Самар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Майкеневты баратын жеріне бағасы 10 млн теңгеден басталатын 2023 жылғы KIA Cerato көлігі жеткізіп отырады.

Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтың қызметтік көлігі 2013 жылы шығарылған Skoda Superb. Көліктің нарықтағы орташа бағасы – 5 млн 380 мың теңге. Бұл ШҚО әкімдері арасындағы ең арзан көлік.

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов Қытай көлігімен жүретін жалғыз әкім. 2023 жылғы JAC JS4 көлігінің Қазақстандағы орташа бағасы – 7 млн 349 мың теңге.

Фото: jac-motors.kz

Шемонаиха ауданының әкімі Григорий Акулов та бір жерге барарда 2017 жылғы Toyota Camry-ге мінеді.