ШҚО Тарбағатай ауданының 800 оқушысы басқа ауылдарға орналастырылды - Білім министрлігі

None
АСТАНА. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат - Бүгін күні тасқын судан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Жәнтікей, Көкжыра және Көктүбек ауылдарының мектептері жұмыстарын толығымен тоқтатты.

Оларда білім алатын 800 оқушы басқа ауылдарға көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Еріген қардың мол суы мен жауынның салдарынан зардап шегіп отырған ШҚО-ның Тарбағатай, Күршім, Абай, Зайсан, Қатонқарағай және Ұлан аудандарында су басу қаупі әлі сейілген жоқ. Бұл өңірлерде орналасқан орта білім мекемелердің саны - 133.

Бүгінгі күнде Тарбағатай ауданындағы Жәнтікей, Көкжыра және Көктүбек ауылдарының мектептері толығымен жабылып, ондағы 800 оқушы Екпін, Ақсуат және Сәтбаев ауылдарына көшірілді. Сабақтар үстіміздегі жылғы сәуірдің 2-сінде басталады. Балаларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешек және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету үшін білім саласының барлық мекемелерінде гуманитарлық көмек жиналуда.

Аталмыш мектептердегі мектеп бітірушілердің саны - 47. Үстіміздегі жылдың сәуір-мамыр айларында мектеп түлектері мен мұғалімдерге көмек ретінде математика, физика және химия пәндерінен күрделі тапсырмаларды шешу бойынша қашықтықтан және жылжымалы практикалық сабақтар өткізіліп, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау мақсатында интерактивті сабақтар ұйымдастырылады.

Су басқан ауылдардан жоғары оқу орындарында ақылы негізде білім алатын студенттердің саны - 12 (2 студент - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, 10 студент - Семей педагогикалық институтында). Қазіргі уақытта ЖОО ректорларымен аталған балаларды оқу ақысынан босату жөнінде келісім жүргізілуде.

Сонымен бірге, ағымдағы жылғы сәуір-мамыр аралығында 20 балаға Алматы қаласындағы «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығына жолдама берілмек.