Шығыс Қазақстан облысындағы төтенше апаттың алдын алу мақсатында Үкімет 800 млн. теңгеден астам қаражат бөліп отыр - Мәжіліс Төрағасы

None
аурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шығыс Қазақстан облысындағы төтенше апаттың алдын алу мақсатында Үкімет 800 млн. теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Шығыс Қазақстан облысында орын алған төтенше жағдайға байланысты депутаттардың көтерген мәселелеріне орай пікірін білдірген Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрине, Шығыс Қазақстан облысында орын алып отырған табиғи апат елге, бүкіл халықтың басына түсіп отырған ауыр жағдай. Апат айтып келмейді, дегенмен жергілікті органдардың салғырттығы мен салақтығы да болғаны жасырын емес. Бірақ, Үкімет тарапынан біршама жағдайлар жасалып отыр. Бізге жеткен жедел деректер бойынша қазіргі күні қауіпті жағдай Абай, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандары мен Риддер қаласында орын алып отыр. Бүгінгі күні 1 мың 107 үйді су алып кетсе, оның 428-і қираған. 9 мың адам басқа жерге көшірілсе, олардың 4 мыңға жуығы уақытша қайтадан оралыпты», деді Палата Төрағасы.

Сонымен бірге, О. Мұхамеджанов өңірде алдағы уақытта да төтенше апаттың болу қаупі зор екендігін айтып өтті

«Жедел мәліметтерге қарағанда, Үкімет тарапынан апаттың алдын алу мақсатында 800 млн. теңгеден астам қаражат бөлініпті. Кеше түнде ғана табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, ол бойынша Вице-Премьер Өмірзақ Шөкеев басқаратын Үкіметтік комиссия құрылған. Бұл комиссия дәл қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істеп жатыр. Осы комиссияның жұмысы барысында бүгінгі депутаттар көтерген мәселелер ескеріледі деген сенімдемін», деді Мәжіліс Төрағасы.