Шығыстағы апаттың зардабын әбжіл қимылдап, жұмыла кіріссек қана жеңілдетеміз

None
әуірдің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шығыс Қазақстан облысында орын алған стихиялық апатқа байланысты ақпараттар кереғар. Мәселен, облыс әкімшілігінің мәліметтеріне қарағанда, 2010 жылғы наурыздың 30-ында өңірдегі 1 мың 157 тұрғын үй тасқын су астында қалған, оның ішінде 536-сы қираған және 621-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 7 мың 406 адам қоныс аударып, 6007-сі өз үйлеріне қайта оралған, 882 адам уақытша

туыстарының үйлерін паналапты. 517 адам білім беру және мәдениет мекемелеріне қоныстандырылған. 2 мың 475 ірі қара, 16 мың 679 қой-ешкі, 556 жылқы шығынға ұшыраған. Сондай-ақ 22 көпір және су өткізетін құбырлар, үш гидроқұрылыс, үш білім беру нысаны және төрт денсаулық сақтау мекемесі қираған. Ал Парламент Мәжілісі депутаттарының мәліметінше, өңірдегі Абай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Үржар, Ұлан аудандарының 26 елді-мекенін су басқан. Су астында 1 мың 187 тұрғын үй, 1 мың 512 қора-жай, 323 қыстақ қалып отыр. 836 тұрғын үй, 479 қора-жай, 24 қыстақ, 8 көпір қираған. 8 мың 296 ірі қара мал, 33 мың 400 қой-ешкі, 1 мың 960 жылқы малы қырылған. Өте күрделі жағдай Тарбағатай ауданында қалыптасып отыр. Мәселен, наурыздың 18-і, 19-ы күндері Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра, Жәнтекей, Қызылкесік, Көктүбек ауылдарын су басып қалды. Ал бүгінгі күні аудан бойынша 650 баспана, 748 қора-жай, 50 қыстақ су астында қалған. 423 үй, 465 қора-жай, 24 қыстақ қираған. Әлі де аудан бойынша 34 мың 660 тұрғыны бар 13 ауылдық округтің 33 елді-мекенін су басу қаупі бар екен.

Ең бастысы, шығыстағы апаттан Қызылағаштағыдай адам шығыны орын алған жоқ. Бірақ су тасқынының қаупі сейіле бастағанына қарамастан, жалпы алғанда өңірдегі жағдай әлі күрделі күйінде қалып отыр. Өйткені, бұл өңірде көктемгі екпін енді біліне бастайтынға ұқсайды. Сондықтан, осынау апаттың әлі де болуы ықтимал салдары мен зардабын әбжіл қимылдап, жұмыла кіріссек қана болдырмауға болады.

Шығыстағы төтенше жағдайға байланысты құрылған үкіметтік комиссияның төрағасы, ҚР Вице-Премьері Өмірзақ Шөкеев бастаған топ осы аптада апатты өңірге барып, ондағы төрт ауданда болды, жағдайды өз көздерімен көріп қайтты. Ендігі күні комиссия өз қорытындыларын да шығаратын болады. Ал қазіргі таңда белгілісі -Үкімет тарапынан Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары үшін мемлекет қорынан 365 млн. теңгенің материалдық резерві жеткізілуде. Бұған зардап шеккендерге тамақ өнімдері, жылы киім, құрал-жабдықтар қамтамасыз етіледі. Гуманитарлық көмектің алғашқы керуені сәуірдің 2-сі күні толық жетеді деп болжанған.

Ал баспана мәселесіне келетін болсақ, су тасқынынан қираған үйлер мемлекет қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. «Бұл үшін Қаржы министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық агенттігімен біресіп, тиісті есептерін шығаруы, қалпына келтірілетін тұрғын үйлердің шаршыметрінің құнын және бұрынғы үйдің жай-күйіне және отбасы құрамына қарай көлем шамасын анықтауды жүргізеді», - деді комиссия төрағасы Ө.Шөкеев. Үкіметтік комиссияның шешімі бойынша жөндеуге жататын үйлер бойынша жөндеу жұмыстарын үй иелерінің өздері жүргізеді. Бірақ құрылыс материалдарын облыс әкімдігі белгілі бір тізім бойынша ұсынады. Қосалқы шаруашылық құрылыстарын да тұрғындардың өздері жөндейді.

Жалпы, келтірілген деректерге қарағанда, су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыру үшін Үкіметтен 850 млн. теңге бөлінген. Бұдан бөлек «Самұрық-Қазына» қоры 300 млн. теңге, «ҚазАгро» холдингі - 350 млн. теңге бөлетін болады.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, осы аптадағы Парламент Мәжілісінің отырысында да апат төңірегінде үлкен мәселелер көтеріліп, бірқатар депутаттар алдын алу жұмыстарымен айналысатын тиісті министрлікті сынға алған болатын. Дегенмен, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ведомство Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынына әзір болмады деген ақпаратты жоққа шығарады. «Аракідік біздің әзір болмағанымыз туралы ақпараттар көрініп қалады. Біз бұдан көп уақыт бұрын бүкіл ел бойынша тиісті жаттығулар өткіздік», дейді министр. Дегенмен, Қызылағаштағы оқиғадан кейін қалың қар басқан өңірлердегі жағдайды жедел зерделеп, шапшаң әрекеттерге көшу керек болғандығын алға тартады депутаттар. Әйтсе де қауіп әлі сейілген жоқ, су тасу қаупі де зор. Бұл шығыстағы ғана емес, кең байтақ еліміздің барлық өңірлеріне де тән. Сондықтан, ендігі жайбарақаттықтың жөні жоқ.

Жалпы, биылғы табиғаттың тосын мінезінен тез айығып кетудің амалы да шамалы секілді. Белгілісі, жылда қалдық болып отыратын Үкіметтің бюджеттік резерві барыс жылында толық игеріледі. Депутат Р. Шаекиннің «Біз Үкімет резервіне 37 млрд. теңге белгілеп бердік. Бюджет кодексіне сәйкес, бұл қаражатты апаттардың салдарын еңсеруге жұмсаймыз деп анықтағанбыз. Ендеше, қаражат осы тұстан бөлінуі тиіс. Ал адами көңіл-күймен бір күндік жалақыны бөлу дегеніңіз мәселеге мемлекеттік деңгейде мән бермеумен бірдей. Сондықтан да, фракция стихиялы апат орын алған жерлерге барып, жағдайды көзімен көріп, сосын бағалауы шарт», дегені де сондықтан болар.

* * *

Осы аптада Үкіметтің селекторлық кеңесінде көктемгі егіс науқанына дайындық мәселесі сөз болды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы республикадағы 16,7 млн. гектар жерге егін егіледі. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен шамалас. Дегенмен, биылғы жылы егістік алқаптарында майлы дақылдардың көлемін арттыру көзделеді. Мәселен, осы мақсаттарға 1,4 млн. гектар жер бөлініпті, яғни өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артық. Осылайша, ағымдағы жылы көктемгі егіс алқаптарының жалпы көлемі 19,1 млн. гектарды құрайтын болады. Сонымен бірге, биыл тамшылатып суару технологиясының алқабы 5 мың гектардан 15 мың гектарға дейін көбейеді.

Республикалық бюджеттен «ҚазАгро» ұлттық холдингіне агроөнеркәсіптегі басым міндеттерді шешу үшін 80 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Бұл ретте 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап, холдингтің еншілес компаниялары арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көктемгі егіс және жиын-терім науқаны үшін тапсырыстары әзірленген. Бұдан бөлек ұсақ тауар өндірушілерге де ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 500 млн. теңге бөлу қарастырылады. Сонымен бірге, холдингтің шағын шаруа қожалықтарын қаржыландыруға арнап әзірлеген бағдарламасы аясында да қаражат қарастырылады. Осылайша, «ҚазАгро» холдингінің жалпы көктемгі егіс науқанын қаржыландыру көлемі 86,1 млрд. теңгені құрайды.

Шаруаларды алаңдататын басты мәселе жанар-жағармайдың науқан сайын құбылуы екендігі даусыз. Май бағасының маусымдық ауруы әдетке айналғаны соншалықты, атқарушы билік бұған қанша тырмысса да бірталай жылдар бойы ауыздықтауға әлі келмей жүр. Биылғы науқанның да басты әңгімесі осы жанар-жағармай.

Ресми болжамдарға сүйенсек, көктемгі егіс жұмыстары үшін 2010 жылғы дизельдік отын сұранысы 336,2 мың тоннаны құрайды екен. Үкімет бұл мөлшерді толығымен тасымалдаушылар арқылы қамтамасыз етуге болатынына сендіреді. Бұған дейін Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев: «Наурыздың 1-інен мамырдың 31-іне дейінгі дала жұмыстары үшін дизельдік отын бағасы белгіленді. Мұнай базаларынан тасымалдаушылар үшін литрі 55 теңгеден аспайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизельдік отынның соңғы пайдалану бағасы 62 теңгеден аспауы тиіс», деген болатын Парламент Сенатында сөйлеген сөзінде.

Ал осы аптадығы Үкіметтің селекторлық отырысында Өмірзақ Шөкеев көктемгі егіс науқанында жанармайдың жеткізілуіне тікелей әкімдер жауапты екендігін атап өтті. «Бұған әкімдер тікелей жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жалпы, Үкімет бағаны белгілегеннен кейін, сондай-ақ облыстар бойынша квоталар айқындалғаннан соң, жергілікті жерлер мен шаруашылықтарға жанар-жағармайды жеткізу әкімдердің жауаптылығына кіреді», дейді Вице-Премьер.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те ағымдағы жылғы жанармай бағасының тұрақты жағдайда екендігін ескеріп, ендігі кезекте қолға алған барлық келісімдер мен іс-шараларды аяғына дейін жеткізу керектігін мәлімдеді. Дегенмен, Үкімет анықтап берсе де, жанармай бағасы мәселесі түбегейлі шешілмей отырған секілді. Мәселен, осы аптада баспасөз мәслихатын өткізген «ҚазМұнайГаз» сауда үйі» АҚ өкілдері «жанармай бағасын қайта қарастыру керек», дегенге саятын пікір ұстанып отыр. Мұнайдың «құлағында отырғандар» егіс науқанында ғана емес, егін орағы кезінде де бағаның бір қалыпта болмай қалуын, яки өсуін де жоққа шығармайды. Сондықтан да, «ҚазМұнайгаз» Сауда үйі» АҚ баға мәселесі қайта қаралса деген ниетін де танытып отыр.

Айтпақшы, Үкіметтік кеңесте ауыл шаруашылығына төнетін тағы бір төтенше қауіп туралы болжамдар да айтылды. Бұл егіннің ежелгі жауы - шегірткемен күрес. «Менің байқауымша, биыл көктем қысқа болып, қыстан кейін жаз тез шығуы ықтимал. Бір жағынан ауа райы шегірткенің жылдам таралуына қолайлы жағдай туғызып тұр. Осы мәселеге баса назар аударған жөн», деп атап көрсетті К. Мәсімов.

* * *

«Қазақстанда іске асырылатын кез келген қадам «қазақстандық қамту» талабына сай болуы керек. Қазақстандық қамту мен өндірісті өркендету ел тәуелсіздігінің негізгі мәселесі болып табылады». Осы аптада Қазақстандық қамту мәселесіне арналған республикалық кеңесте Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті. Премьердің айтуынша, елімізде кәсіпкерлік пен өндіріс үшін қазақстандық қамту оның қажетті құрамдас бөлігі болып табылатынын және осы бағытта жұмыс істеу керек. «Ұлттық холдингтер мен ірі компаниялар осы аталған ауқымды іс-шараға кірісіп кетті. Жалпы ішкі сұранысты қалыптастырмай отандық өндірісті дамыту қиынға түсетінін ескеру қажет», деді Премьер-Министр. Үкімет басшысының орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Қазақстандық қамту бағдарламасы аясында жұмыс істеп жүрген кәсіпорындарда мемлекеттік қолдау шараларын иеленуге, сондай-ақ нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік болатындығын алға тартады. «Бүгінде отандық кәсіпорындарда, әсіресе қазақстандық қамту бағдарламасы аясында жұмыс істеп жүргендерде мемлекеттік қолдау шараларын иеленуге, сондай-ақ нарықты бәсекеге қабілетті өніммен қамтамасыз ету мүмкіндіктері бар», деді Үкімет басшысының орынбасары.