Шымкенттік жігіттер букмекерлік кеңсе ашу үшін өзге кеңселерді тонаған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының полициясы жедел-іздестіру шаралары арқылы бір айда төрт букмекерлік кеңсені тонаған үш жас жігітті ұстады. Оның үшеуі Шымкент қаласының және біреуі Ордабасы ауданының 1992, 1994 және 1995 жылы туған тұрғындары.


28 қыркүйек күні күдіктілер Шымкент қаласында орналасқан букмекерлік кеңсегеге ұрланып кіріп, теледидар, кассалық аппарат,компьютер және ақшаны тонап әкеткен. Келтірілген шығын 700 мың теңгеден асқан.

23 қазан күні Шымкент қаласы, Жайлау шағынауданында орналасқан букмекерлік кеңсеге ұрлыққа түскен қаскөйлер ойын терминалдары мен 1,5 миллион теңгеден асатын қаражатты жымқырған.

 

26 қазан күні күдіктілер Жаңа шаһар шағынауданындағы букмекерлік кеңседен барлық техника мен 2 миллион теңгеден асатын қаражатты тонаған. Бірнеше күннен соң, олар Б.Момышұлы көшесіндегі букмекерлік кеңсенің терминалдарын, компьютерлік техникаларын, жиһаз, теледидар мен кассадағы ақшаны ұрлап әкеткен. Жәбірленуші жалпы көлемі 4 миллион теңге шығынға ұшыраған.

 

Полицияның анықтауынша, ұсталғандар тоналған заттар арқылы  букмекерлік кеңсе ашуды жоспарлаған. Күдіктілер келтірген шығынның жалпы көлемі 8 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта полиция ұрланған мүліктің бір бөлігін заңды иелеріне қайтарып берді. Осы бойынша ҚР ҚК 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Барлық букмекерлік кеңседе бейнебақылау камералары, «дабыл нүктесі» секілді қауіпсіздік құралдарының болмағанын, күдіктілердің осы мүмкіндікті пайдаланғанын атап өткен жөн.