«СК Фармациямен» сыбайластық ымырада 3 фирма болған
Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының орынбасары Рустам Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылдың қазанынан желтоқсан айына дейін «СК Фармация» компаниясына қатысты монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына тергеу жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша басымдық жағдайын асыра пайдалану фактісі анықталды. Яғни, компания тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау қызметін бір лот арқылы сатып алған. Сот процесі болып, ол осыдан екі күн бұрын ғана аяқталды. Сот шешімі қабылданып, заңды күшіне енді. Факті дәлелденді. Сондықтан «СК Фармация» әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1,3 млрд. теңге айыппұл салынды», - деді ол.
Сонымен қатар ол дәрі-дәрмектерді сақтау және тасымалдау қызметін орындаушыларға қатысты тергеу аяқталып, сотқа жіберілгендігін атап өтті. Яғни, үш компания «СК Фармациямен» ымыраласып, әрекет жасаған.
Осы ретте БАҚ өкілдері аталған компания тарабынан орын алған бұзушылықтар дәрі-дәрмек бағасының өсуіне әсер еткенін немесе етпегендігін сұраған болатын. Сауалға жауап берген ол, «СК Фармация» тарабынан мұндай бұзушылықтар болмағанда дәрі-дәрмек бағасы біршама төмен болатындығын айтты.