Солтүстік Қазақстан облысында «Абайлаңыз балалар» акциясы ойдағыдай өтті

None
СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық жол полицейлері Петропавл қаласының қақ ортасында Пушкин және Конституция көшелерінің қиылысында ерекше акция өткізді, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.

Жол полицейлері белгілі ертегі кейіпкерлері Мiсky mouse, Donald Duck, Аюдың костюмдарына киініп, жаяу жүргіншілер өтетін жерден балаларды қолдарына ұстап, жолдан өтуге көмектесті.

Ал №23 мектептің 8-інші сынып оқушыларынан жасақталған полицияның жас көмекшілері өтіп жатқан көліктердің жүргізушілеріне және қоғамдық көліктердің жолаушыларына жол ережесіне байланысты пайдалы ақпарат жазылған үнпарақтар таратты.

Тамыздың 31-інде бастау алған «Абайлаңыз, балалар!» деп аталған акция аясында ұйымдастырылған бұл шараның өтуіне жол полициясы басқармасы мұрындық болды. Аталмыш акцияның басты мақсаты - жаңа оқу жылының басында жол үстінде балалардың жарақаттануының алдын алу болды.

Тәжірибе көрсеткендей, осы қыркүйек айының басында балалардың қатысуымен жасалатын жол көлік оқиғаларының саны өсе түсуі мүмкін. Себебі, жазғы демалыстан кейін балалардың жолдағы назарлары сәл әлсіреген болады. Бұл жүргізушілерге де қатысты. Бұл күндері мектептеріне асығып бара жатқан жас жаяу жүргіншілердін саны жол үстінде біршама көбейе түседі.

Сол себепті жол полициясы қызметкерлерінің қолында ала таяқ, аузында ысқырық, үстінде жасыл түсті киім. Олардың бүгінгі кейпі мүлде бөлек. Ал тәртіп сақшыларының формасын полицияның жас көмекшілері киген. Ортақ іске бәрі жұмыла кірісті.

- Бұндай шараларды өткізу дәстүрге айналып отыр, - дейді СҚО ІІД бастығы полиция полковнигі Мерген Жұмағұлов. - Біздің ойымызша бұндай акциялар балалар арасында өткізілетін алдын алу жұмыстарының тиімді жолы. Жас инспекторлар-мектеп оқушылары біздің жұмысымызды сырттан көріп қана қоймай, өздері де белсенді қатысуда.