Сыр өңірінде көктемгі егіс жұмыстары басталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда 31242 гектар алқапқа себілген ескі жоңышқаның 9698 гектары тырмаланды. Әзірге бұл жұмыстар Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы шаруашылықтарында қызу қарқынмен жүріп жатыр. Оңтүстіктегі 2 ауданда күздік бидайды тырмалау мен үстеп қоректендіру жұмыстары жер ортадан ауды. Ал Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарында ескі жоңышқаны тырмалау жұмыстары жақын күндерде қолға алынады.
Өңір алқаптарында жоңышқа, мақсары және бидай егу басталып кетті. Жоспарланған 17192 гектар жоңышқалықтың бұл күндері 4806 гектарына тұқым себілді. Бұл бағытта да оңтүстіктегі аудандар көш бастап тұр. Жаңақорған мен Шиелідегі ауа райының қолайлылығы шаруаларға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Дегенмен Жалағаш, Сырдария, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласы шаруашылықтарының да қарқыны тәуір.
Ағымдағы жылға 2506 гектар мақсары егісі жоспарланған болатын. Нақты кезеңде сырдариялық диқандар үдедегі 608 гектар мақсары егісін аяқтауға жақындады. Жалағаш және Қармақшы ауданы еңбеккерлерінің атқарған жұмыстары да осы көрсеткішке жетеқабыл. Биыл аймақ диқандары 1912 гектар жерге бидай егуге әзірлік жүргізген еді. Дер кезінде қолға алынған шаралар нәтижесіз емес. Қазіргі уақытта ақ егістің ауқымды бөлігі еңсерілді. Әсіресе, сырдариялықтардың қарқынына еш аудан ілесе алар емес.