Сырым ауданының белсенді ардагерлері қоғамдық-саяси өмірден қалыс қалмақ емес - БҚО

None
ОРАЛ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Сырым ауданының қоғамдық-саяси өмірге ардагерлері белсене араласуда.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлының айтуынша, елді-мекенде ардагерлердің 13 бастауыш ұйымы бар. Онда 2983 соғыс және еңбек ардагері, 479 тыл еңбеккері есепте тұр. Мұның сыртында түрлі санаттағы 811 мүгедек жан да қатарда.

Ұйым өткен жылы 5 мәрте отырысын өткізді. Жиын­дар­да Елбасы Н.Назарбаев­тың ха­лыққа Жолдауымен қа­тар, Жеңістің 66 жылдығын атап өту, 1 қазан - Қариялар күнін ой­дағыдай ұйымдастыру және бас­қа да мәселелер кеңінен тал­қыланып, нақты шаралар белгіленді және жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асырылды.

Қазақ елі Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алуға орай, ардагерлер арасынд­а қа­зан-қараша айларынд­а мәде­ни-спорттық шаралар ұйымдас­тырылды. Жарыс жеңімпаз­да­ры мен жүлдегерлері арнайы дип­лом­дармен және ақшалай сый­лықтар­мен марапатталды. Түрлі дода­ларға 43 ардагер қатысып, бақ­тарын сынады. Олардың же­теуі - түрлі санаттағы мүге­дек­тер.

Ардагерлердің тұрмыс жағ­дайын жақсартуда тындырылған істер көп. Мәселен, аудан ор­­талығына табиғи газ желісі тар­тылып, 1283 отбасының 912-сіне көгілдір отын өткізілді. Со­ның ішінде 4 соғыс ардагері мен тұрмысы төмен 146 отбасы­на газ желісінің тегін өт­кі­зіл­генін айту керек. Биылғы қыс тым ерте түсіп, талай ардагердің отбасы отыннан таршылық көрді. Осыны дұрыс түсінген ауыл әкімдері шаруа құрылымдары мен ауданның ір­гелі мекемелерінің қолдау жа­сауды сұраған болатын. Нәтижесінде, аудан бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж 113 отба­сына тезек, 75 тонна көмір, 214 жанұяға жеңілдетілген бағамен 4280 центнер шөп түсіріліп бе­ріл­ді.

Бұдан басқа 2 соғыс ардагері мен 14 тыл еңбеккерінің үйлері жеңіл жөндеуден өткізіліп, осы мақсатқа қолдау көрсеткен құ­ры­лымдар 3,2 млн. тең­г­­е қар­жы бөлді.

«Биыл ау­дан бойынша 28 соғыс және ең­бе­к ардаге­рі мерейлі (70-90) жас­қа толғалы отыр. Мерейтой иелеріне аудан, ауыл әкімдерімен бірлесіп, құттықтау хат және лайықты сыйлық жасау жоспар­ланған. Бұл мақсатқа қаржы ар­дагерлерден ерікті түрде жина­латын «Қамқор» қорынан бө­лінбек. Ендігі мақсат - алдағы 15 қаңтарда өтетін сайлауда ха­лық қалаулыларына ұйымдасқан түр­де дауыс беру», деді ардагер.