Тәліптер әйелдерге паранжасыз ауруханаға баруға және таксиге отыруға тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстанның Герат провинциясындағы Талибан әкімшілігі әйелдерге қатысты қатаң киім кию ережелерін қайта енгізіп, барлық әйел мұғалімді паранжа киюге міндеттеді және онсыз такси қызметін пайдалануға тыйым салды.
Atlas Press мәліметінше, тәліптер тағайындаған Герат губернаторы өткен аптада өткен ресми кездесуде бұл бұйрық туралы жариялады. Бұйрыққа сәйкес, әйел мұғалімдерге мектептерге паранжасыз кіруге рұқсат етілмейді.
Amu TV телеарнасының хабарлауынша, шектеулер мектептерден тысқары жерлерге де таралады. Соңғы бірнеше күнде паранжа кимеген әйелдерге аурухана, орталық түрме, азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, білім беру департаменті, тіпті банктер сияқты мекемелерге кіруге тыйым салынғаны туралы хабарланды.
Талибан қабылдаған бұл шаралар азаматтық қоғам ұйымдары мен әйелдер құқықтарын қорғаушылар тарапынан сынға ұшырады. Ауған әйелдерінің тарихын өзгерту қозғалысы өз мәлімдемесінде бұл шешімді «әйелдердің құқықтары мен қадір-қасиетін айқын, тұрақты және жүйелі түрде бұзу» деп атап, бұл шектеуші саясатты дереу тоқтатуға шақырды.
Алайда, Kabul Now мәліметінше, шектеулер мұнымен аяқталған жоқ. Талибан билігі такси жүргізушілеріне паранжа кимеген әйелдерді тасымалдамауды бұйырды.
Жергілікті дереккөздердің мәліметінше, Талибан күштері таксилерді бақылау және дәстүрлі денені жауып тұратын паранжа кимеген әйелдерді тасымалдайтын жүргізушілерді жазалау үшін Герат қаласы бойынша бірнеше бақылау-өткізу бекеттерін орнатқан.
Еске сала кетсек, өткен аптада Ауғанстандағы 6,2 балдық жер сілкінісі еліміздің оңтүстігінде де сезілді.