Танымал саясаткер Хосе де Венесиа ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды

None
АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Азия саяси партиялары Халықаралық конференциясының негізін қалаушысы әрі төрағасы Хосе де Венесиа (Филиппин аралдары) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Бұндай жоғары дәрежелі мемлекеттік марапатпен азаматтар қоғамдағы өзара келісімді сақтауға бағытталған жемісті еңбегі үшін, халықтар арасындағы бейбітшілік, достық және ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін марапатталады.

Хосе де Венесиа елімізде өткен бірқатар жоғары деңгейдегі халықаралық форумдарға қатысқан белгілі саясаткер: 2009 жылы өткен Азия саяси партиялары Халықаралық конференциясының бесінші бас Ассамблеясына, ІІІ Астаналық экономикалық форумына қатысты. Биылғы жылдың қазан айында Сеул қаласында оның төрағалығымен өткен Азия саяси партиялары Халықаралық конференциясының Тұрақты комитетінің 16-отырысы барысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын әзірлеу қажеттілігі туралы ұсынысына баса назар аударылған болатын. Осы құжат ХХІ ғасырда БҰҰ бақылауындағы біртұтас ғаламдық ядролық қауіпсіздік жүйесін құруды көздейді. Осы ұсыныс Азияның жоғарғы саяси элитасының толық қолдауына ие болды.