Тәртіп сақшылары көлік ұрлығымен күресті күшейтуде

None
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің өкілдері көлік бөлшектері ұрлығымен күрес бағытындағы жұмыстарды жандандырудың нәтижесінде елде аталмыш ұрлық түрлері соңғы 2 айда 109-дан 75-ке дейін кеміген.

Ал көлікті ұрлаумен байланысты оқиғалар сол қалпында. Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары Ақан Қажкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, көлікті ұрлаумен байланысты жағдайға жүргізілген талдау жұмыстары қолды болатыны негізінен ресейлік көліктер мен шетелдің ескі көліктері екендігін көрсетіп отыр. Ал қалған 10 пайыз өте қымбат көлік ұрлықтарымен байланысты. «Көлік ұрлау оқиғалары әсіресе Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе, және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алады. Биылғы жыл басынан бері еліміз бойынша ұрланған 200 көліктің 100-і иелеріне қайтарылып берілді. Олардың басым бөлігін «Мазда», «Тойота», «ВАЗ» автокөліктері құрап отыр. Қаңтар айында елордада көлік ұрлығымен байланысты қаныпезерлік қылмыс тіркелді. 40 жасар әйелдің «Тойота Ленд Крузер» көлігін тартып алу үшін шабуыл жасаған 3 азамат әйелді зорлық-зомбылықпен өлтірген. Ұсталған 3 азаматтың біреуі қыз болып шықты. Ал Алматыда 6 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олар көлік ұрлау мақсатында жүргізушілерге бірнеше рет қарақшылық шабуылдар ұйымдастырып, «Тойота Ленд Крузер» көлігінің иесін өлтірген», деді комитет төрағасының орынбасары.