Тәулік бойы қазақ тілінде хабар таратады делінген телеарналардың бұлыңғыр тағдыры жұртшылықты алаңдатып отыр - Н. Өнербай
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Өз сауалында депутат жақында Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты алқалы жиын өткенін, онда тіл туралы түрлі толғаулар арқау болғанын еске салды. Бұндай басқосуда тәулік бойы қазақша хабар тарататын үш телеарна туралы мәселе көтерілгенін айтты. Н. Өнербайдың сөзіне қарағанда, тәулік бойы мемлекеттік тілде сөйлейтін телеарна жайын Елбасы осыдан төрт жыл бұрын көтергенімен де, бұл мәселеде нақты қадамдар атқарылмай отыр.
«Сонау бір жылдары министрлік тағына отырып-тұрған Е. Ертісбаев мырза, тіпті әлемдік телеарна жасаймын - деп атойласа да, айтқандарынан қайран болмады. Одан соң, ақпарат билігі ұлт жанашыры деп жүрген азамат М. Құл-Мұхаммедке екінші рет қайта тигенде де үмітіміз ақталар деп ел алаңдап еді. Ол да 2010 жылдан бастап екі бірдей ұлттық арна ашылып, бұлар тек қазақ тілінде тәулік бойы хабар тарататын болады деп еді, бірақ лауазымынан ауысып кетті. ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында отандық бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның даму және әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясын ақпараттық қолдаудың тиімділігін арттыру мен кеңейтуін ағымдағы жылы 85 пайызға жеткізу көзделген. Ал министрліктің ресми сайтында саланың стратегиялық жоспарында ұлттық арналардың ашылуы туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Сонда, биік мінбеден айтылған министрдің құрғақ сөзіне сенеміз бе, әлде ресми құжатқа сенеміз бе?», деді депутат Н. Өнербай.
Оның пайымдауынша, ана тілінде хабар тарататын ұлттық арналар тағдыры сөз жүзінде қала беретін түрі бар. Сондықтан да, депутат жаңадан тағайындалған министрден жұртшылық үлкен үміт күтетінін жеткізді.
«Бәсекелі елу елдің қатарына ақпарат саласы бойынша біз қандай дүниелерімізбен енгелі отырмыз, егер әлі күнге ақпарат кеңістігімізді солтүстіктегі көрші елдің жаңалықтарымен толтырудан аса алмасақ. Бұған дәлел мемлекеттік телеарналарымыздың өзі күні кеше жаңалықтарының бастауын Ресейде болған лаңкестік әрекеттермен бастап, айқайлап көрсетіп жатты. Ал өз елімізде болып жатқан табиғат апатының нақты деректерін халыққа жеткізе алмай, бар болғаны жаңалықтарын қысқа ғана ақпарат ретінде қайырудан аспады», деді Н. Өнербай.
«Мысал ретінде айтар болсақ, ресейлік телеарналар түгел дерлік екі күн бойы толассыз Мәскеудегі лаңкестік оқиға болған орыннан үздіксіз репортаждар жүргізіп, ақыры лаңкестердің түр сипатына дейін анықталғаны жайында ақпаратты жұртшылыққа жеткізіп барып, бірақ тоқтады. Ал бізде ше? Бәрі керісінше! Бәлкім Қызылағаштағы қырғынды, Шығыс Қазақстандағы мал мен адам қатар зардап шегіп отырған қайғылы елді мекендерден тікелей репортаждар түсіріп, халыққа қаз қалпында жеткізіп отырғанда, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен шығыстағы жағдайды, ақпарат құралдары ит тартқандай жұлмалап дұрыс көрсетпей жатыр деп, облыс әкімі кешегі Үкімет кеңесіндегідей өкпесін айта алмас еді?! Дегенмен де, ұлттық арналардың тағдыры не болар екен деп бәрібір қазақы ел алаңдаулы. Қорыта айтқанда, ең әуелі тек мемлекетіміздің ішкі, сыртқы жетістіктерін, ұлтымыздың қуанышы мен қайғысын дер кезінде халыққа жеткізіп отыратын уәде етілген қоспасыз ұлттық телеарналар қашан өмірге келеді? Нақты жауабын күтеміз?», деді ол.