Таяу Шығыста референдумға қатысты дауыс беру басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жексенбі күні Қазақстанның Таяу Шығыстағы дипломатиялық өкілдіктерінде атом электр стансасының (АЭС) құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс беруге арналған сайлау учаскелері ашылды. Сонымен бірге, кейбір мемлекеттерде күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты референдум өткізілмей жатыр. Иордания Хашимит Корольдігінің астанасында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де (Астана уақыты бойынша сағат 9:00) №410 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады, ол Қазақстанның әнұранымен ашылды, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сайлау учаскесі Каир 99 мекенжайында орналасқан Қазақстанның Аммандағы Елшілігінде ашылды.
Иорданияда тұрақты немесе уақытша тұратын және жарамды төлқұжаттары немесе жеке куәліктері бар барлық Қазақстан азаматтары дауыс беруге құқылы.
Аммандағы сайлау учаскесінде шамамен 50 адам дауыс береді деп күтіледі. Иорданияда тұратын қазақстандықтардың басым бөлігі – жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер, иорданиялықтармен некеге тұрған қандастарымыз, сондай-ақ қазақстандық дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері.
Иорданияда, сондай-ақ Таяу Шығыстың бірқатар басқа елдерінде жексенбі жұмыс күні болуы сайлаушылардың қатысуына әсер етуі мүмкін.
Референдум өткізу жөніндегі №410 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Берік Төлендиев сайлау учаскесінің дауыс беруге жоғары ұйымдастырушылық дайындығын атап өтті.
«Сайлау учаскесі таңғы сағат 7-де ашылды, сайлаушылар тізімі бойынша елуге жуық қазақстандық тіркелген, олардың басым бөлігі консулдық есепте тұр. Дауыс беру әдеттегідей өтіп жатыр», - деді Б.Төлендиев.
Қазақстанда АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс беру жергілікті уақыт бойынша 20:00-ге дейін (Астана уақытымен сағат 22:00) жалғасады, содан кейін учаскелік сайлау комиссиясы қорытындыларды санауға кіріседі.
Эр-Риядтағы Қазақстан Республикасының Елшілігінде ашылған №386 сайлау учаскесінде де дауыс беру басталды, оған алғашқы сайлаушылар келе бастады.
Сондай-ақ Әбу-Дабидегі Қазақстан Республикасының Елшілігінде №415 сайлау учаскесі ашылды.
«Біріккен Араб Әмірліктерінде тұратын Қазақстан азаматшасы Балнұр Асанова өзінің азаматтық борышын өтеп, республикалық референдумда бірінші болып дауыс берді», - деп хабарлайды елшілік.
Дауыс беру сондай-ақ Қазақстан Республикасының Дубайдағы (БАӘ) Бас консулдығында және Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы (Сауд Арабиясы) Бас консулдығында ашылған сайлау учаскелерінде өтеді.
Еске сала кетсек, таяуда ҚР Сыртқы істер министрлігі Орталық референдум комиссиясымен бірлесіп, Израиль, Иран және Ливандағы референдум өткізу орындарының қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Мұндай шешім осы елдердегі күрделі әскери-саяси жағдайға байланысты, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды.