Теңіз кен орнындағы жарылысқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысындағы Теңіз кен орнында көлік цистернасы жарылып, бір жұмысшы мерт болды. Тағы бір жұмысшы жарақат алды. Қазір жарылысқа байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қылмыстық кодекстің 156-бабымен іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.

Оқиға кеше, 8 ақпанда сағат 13:50 шамасында Теңіз кен орнының өндірістік аумағынан тыс жерде болған. «West Dala» компаниясына тиесілі вакуум цистернасы жарылған.

Соның салдарынан 30 жастағы жұмысшы оқиға орнында мерт болды. Ал 29 жастағы жұмысшы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

«Теңіз кен орнында бір жұмысшының мерт болып, екінші адамның жарақат алуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабымен (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу) жүріп жатыр», - деп мәлім етті Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Теңіз – Жылыой ауданында орналасқан кен орны. Мұнда халықаралық маңызы бар екі жоба іске асырылып жатыр. Оған қазақстандық және шетелдік бірнеше компания мердігерлікке тартылған.

Былтыр бұл кен орнында жарылыс болып, екі адам қаза тапқан еді. Тағы үш адам дене жарақатын алды.Кен орнындағы атмосфералық газы бар құбырда гидротест жүргізілген. Қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылып кеткен.

«Жылыой ауданында орналасқан Теңіз қалашығында құбыр жарылып, соның салдарынан 1985 жылы туған екі қызметкер қайтыс болды. Үш адам жарақаттанды. Зардап шеккен 3 қызметкерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр», - деп мәлім еткен еді Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.