Теннис: Заңғар Нұрланұлы Франциядағы турнирдің чемпионы атанды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы Франциядағы 14 жасқа дейінгілер арасында бірінші санатты Tennis Europe турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Заңғар финалда франциялық Тимео Труфеллимен бас жүлдені сарапқа салды.

Бірінші партияда корт иесі басымдылық танытты - 7:5.

Дегенмен екінші сетте Заңғар ойын тізгінін өз қолына ала білді - 6:1.

Үшінші, шешуші партияда да З.Нұрланұлы қарсыласына дес берген жоқ - 6:1.

Финалға дейінгі жолда қазақстандық теннисші Аустрия, Ресей және Франция елдерінің мықты ойыншыларын қапы қалдырды.

Осылайша ол Tennis Europe сериясы бойынша өткен турнирлерде төртінші титулына қол жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Франциядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.