Тіл алуандығы — Қазақстанның ерекше артықшылығы — Президент мақаласы
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымына шыққан «Мәңгілік достық — халықтарымызға жол сілтер темірқазық» атты авторлық мақаласында Қазақстандағы тіл саясатының келешегіне тоқталған.
— Мен елдегі тіл алуандығын әрдайым ерекше артықшылығымыз деп сендім. Қазақстанда ондаған мәдениет бейбіт өмір сүреді және бір-бірін өзара байытады. Орыс тілі Қазақстанда қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани өмірінің, ғылым мен білімнің ажырамас элементі ретінде танылған және айрықша қолдауға ие.
Біз орыс тілін қолдауды халықтар арасындағы диалог пен сенімді нығайтатын кең гуманитарлық өзара іс-қимылдың бөлігі ретінде қарастырамыз. Сондықтан мен орыс тілін дамытатын халықаралық ұйым құру туралы бастама көтердім, — деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан жастары қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын, қытай және т. б. тілдерді меңгеруге тиіс екенін айтады.
— Қорытындыласақ, Астана мен Мәскеудің қарым-қатынасы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі көптеген іргелі процеске шешуші әсер ететінін тағы да атап өткім келеді.
Біздің ынтымақтастығымыз жансыз формальдылық пен инерциядан ада — ол шын мәнінде жанды және серпінді, уақыт сынағына төтеп беріп қана қоймай, жаңа дәуірдің қиындықтарына икемді төтеп бере алады.
Әлем жаңа бағдарларды іздеп жатқан кезеңде Еуразия сенімді тірек көздеріне, конъюнктурадан ада, ортақ тағдыр идеясынан қорек алатын одақтастыққа мұқтаж.
Қазақстан мен Ресей халықтары болашаққа тарихи және рухани тамырға адал бола отырып ұмтылады. Бұл біздің елдеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы әрқашан бүкіл құрлық үшін жасампаздықтың, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың тірегі болатынына сенімділік береді, — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Айта кетелік Мәскеуде «Қазақстан–Ресей достығы сквері» ашылады.