«Торпедо» шайбалы хоккейден Континенталдық кубок ойындарына қатысатын болды

Фото: Қазақстан хоккей федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Алдағы маусымда шайбалы хоккейден Континенталдық кубок ойындарына еліміздің атынан Өскеменнің «Торпедо» командасы қатысатын болды.

Бұл шешімді Халықаралық хоккей федерациясы қазақстандық «Арлан» (Көкшетау) командасының өткен маусымда жарысқа қатысудан бас тартқаны үшін қабылдап отыр. Сондықтан көкшетаулық команда жарыстан шеттетілді.

Алдағы уақытта турнир жаңа форматта өткізіледі. Бұл жолы «Торпедо» алты командамен бірге сайысты екінші кезең жартылай финалдан бастайды. Жарыстың аталған сатысында Польшаның «Катовице», Ұлыбританияның «Ноттингем Пантерс», өткен маусымның күміс жүлдегері атанған Данияның «Хернинг Блю Фокс» және 2023 жылы финалға шыққан Францияның «Дюк д’Анже» командалары ойын көрсетеді.

Қалған 8 команда жарысты бірінші іріктеу кезеңінен бастайды. Екі іріктеу тобындағы жеңімпаздар қараша айында өтетін жартылай финалға жолдама алады.

Континенталдық кубоктың финалы 2026 жылдың 15-18 қаңтары аралығында өтеді. Оған төрт команда қатысады.

Аталған турнир Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы аясында 1997 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қазірге дейін еліміздің атынан қатысқан Көкшетаудың «Арлан» командасы 2018/2019 жылғы турнирде бас жүлдені жеңіп алды.

Әр жылдарда «Бейбарыс» (Атырау), «Сарыарқа» (Қарағанды), «Номад» (Астана) екінші орынға жайғасса, «Қазцинк-Торпедо» (Өскемен) қола жүлдегер атанған еді.