Цифрлық кодекс: Қазақстандықтар платформалардан жеке деректерін өшіруге құқылы болады

Фото: Jibek Joly podcast

АСТАНА. KAZINFORM — Кеше Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа кодексте цифрлық кеңістіктегі дүниелер де материалдық мүлік ретінде заңмен қорғалатын болады. Қазақстандықтар қызметін пайдаланған платформалардан өздерінің жеке деректерін өшіруге құқылы болады. Жаңа заң жобасы азаматтардың жеке деректерін қалай қорғайды? Бұл туралы Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ «JJ Studio» подкастында айтып берді. 

— Цифрлық кодекстің көздеп отырған мақсаты не? Біріншіден цифрлық ортадағы қоғамдық қатынастарды толығымен анықтап, оның реттейтін пәнін айқындау. Екіншіден осы реттеудің негізгі қағидаттарын белгілеп беру. Қазір цифрлық ортада қатысушылар көп. Солардың қайсысын цифрлық ортадағы субъектілерге жатқыза аламыз? Қандай нақты құндылықтарды цифрлық объектіге жатқызамыз? Мұнда жеке деректер цифрлық объект болып саналады. Демек мұндай объектілерді, яғни дербес деректерді қорғау жүйесін жетілдіру көрсетілген. Біріншіден дербес деректерге төнетін тәуекелді басқарады, екіншіден қорғану жолдарын анықтайды, үшіншіден — оның қауіпсіздігін нақтылау нормалары енгізілген, — деді Үнзила Шапақ.

Фото: Jibek Joly podcast/видеодан алынған скрин

Сонымен бірге, елімізде мемлекеттік цифрлық платформа енгізіледі. Бұрын тек қана Цифрлық үкімет қана болса, қазір басқа субъектілер көбейді. Олар бір-бірімен деректерді алмасуы үшін заңдастырылған платформада жұмыс істейді және арасындағы қарым-қатынасты реттеу үшін де бұл заңның үлесі жоғары болады.

Депутаттың айтуынша, белгілі бір деңгейде ҚР заңы Қазақстанның цифрлық кеңістігіндегі ақпараттық ағынды реттейді. Сондықтан бізде қазір Ұлттық цифрлық объектілер нақтыланады.

Бірақ шет елдердің ақпараттық жүйелері біздің мемлекеттік цифрлық платформада жұмыс істесе, онда біздің заңдарға бағынады.

— Қазір елде 355 ақпараттық жүйе жұмыс істеп тұр. Оларға мемлекеттік ақпараттық порталда жұмыс жасау үшін талаптар қойылып, олардың жұмыс барысындағы қауіпсіздігін тексеретін аудиторлық тексерулердің құқықтық негіздері қаланады. Біздің мемлекеттік цифрлық платформаға кіретін азаматтардың сәйкестендіруіне қойылатын нақты өлшемдер белгіленді. Шетелдік платформаны пайдалану уақыты біткенде, мысалы Яндекске жеке деректер берген болсаңыз, оны артынан өшіріп тастау құқығы жаңа кодексте ескерілген, — деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, Цифрлық кодекс электронды цифрлық қолтаңбаның құқықтық мәртебесін электронды форматта қол қоюдың жалғыз тәсілі деп бекітеді.

Сондай-ақ, кодекске «цифрлық дәлел» және «цифрлық делдал» ұғымдары енгізілмек. Бұл ұғымдарды заңнамаға енгізу арқылы Yandex Go, Glovo, Chocofood сияқты еңбек платформаларының, Kaspi, Wildberries, OZON сияқты маркетплейстердің, booking, krisha.kz қызмет агрегаторларының, мемлекеттік цифрлық сервистердің жауапкершілігі мен жұмыс тәртібін нақты белгілеуге жол ашады.